KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Ақылдасып пішкен тон келте болмайды

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей және Қазақстан Халықаралық жоғары мектеп ғылым академияларының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Құрманжанұлы Ахметов пен жары Дариға Кнәзбекқызының ойларын ортаға салуды жөн көрдік.
Мерейлі отбасы
2018-04-19

Әділ Құрманжанұлы Ахметов

- Әділ аға, Сіз Дариға апайды жар ретінде қалай таңдадыңыз? Ол кісінің өміріңіздегі орны қандай?

- «Анасын көріп, қызын ал, аяғын көріп асын іш» деген аталы сөз бекер айтылмаған. Екеуміз Алматы шет тілдері педагогикалық институтында бес жыл бірге оқыдық, бір-бірімізді ұнатып, жарасым таптық. Еңбек жолымызды да сол оқу орнында бірге бастап, бір-бірімізге тірек бола білдік. Екі ұл, бір қыз сүйдік. Отбасының, бала тәрбиесінің ұйтқысы болған жеңгең, менің анамды пір тұтып, оған туған қызындай болып кетті. Ендеше, ондай жарды құрметтемеу мүмкін бе?

- Әлемнің сан алуан елдерінде  іс-сапармен болдыңыз. Балалар тәрбиесінде шет мемлекеттен үйреніп, тамсанған, қызыққан дүниелер болды ма?

- Ұзақ сапардың шет-жағасын үлкен балаларым Нұрлан мен Қарлығаш та көрді. Қасымызда болған кіші ұлым – Нұржан - американдық мектепте оқыса, немерелерім – Айша, Қаламқас, Ерәділ, Қамбар Англияда сауаттарын ашып, компьютер тілін үйренді. «Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» демекші, орайы келіп тұрған соң, өзге елдердің салт-дәстүрімен, мәдениетімен таныспау мүмкін емес. Оларға таңданып, тамсанбасақ та жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренген кездеріміз болды. 

- Сіздің ойыңызша, жақсы жар болу үшін, жақсы азамат атану үшін не істеу керек?

- Ең алдымен отбасыңа, балаларыңа, жарыңа деген адалдық пен айналаңдағыларға деген құрмет пен ізет әрдайым бойыңнан табылуы керек дер едім. Мұндай қасиеттері болмаса, кез келген адамның азамат деген атаққа лайық болуы екіталай. Сосын қазақта «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген нақыл бар. Өз от басын, өзі мен жарын, ортасын сыйламаған адамды өзге де сыйламайды деген ұғым тұр бұл нақылдың астарында. 

Қазыбек Дариға Кнәзбекқызы

- Дариға апай, қазақта «Жақсы әйел күйеуін төрге сүйрейді...» деген мақал бар. Сіз осы нақылға сай келетін сияқтысыз. Бұл миссияны орындау Сізге қиын болған жоқ па?

- Мені тәрбиелеген әжем марқұм көзі ашық, көкірегі ояу, елге қадірлі кісі еді. Көзі тірісінде маған: «Ботам, есейген кезіңде өзіңе жар таңдап, жат жұртқа келін боп түсесің. Барған ұяңды бақытты ету үшін, сол ұяңа тастай батып, судай сіңіп кетуің керек. Бетегеден биік, жусаннан аласа болып, үлкенге ізет, кішіге ілтипат білдіріп, жарыңның қабағына қылау түсірмеуге тырыс. Қонақ келсе, жылы қарсы ал, батасын аласың. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды демекші, еріңнің абыройы өсіп, өзіңнің де бағың ашылады», - деп үнемі құлағыма құйып отырушы еді. Әжемнің өсиетін екі етпей орындап келемін. Соның арқасында жаман болған жоқпыз. 

- Жақсының жары болу қиын ба?

- Қиын дей алмаймын. Адамдар бір-біріне сай қосылып, бірін-бірі қадірлей білсе, қиындықтың іргесі аулақ болады.

- Әділ аға жұмыс барысын Сізбен ақылдаса ма?

- Қабырғасымен ақылдаспайтын пенде жоқ шығар. «Ақылдасып пішкен тон келте болмайды» деген халық құндылығы кеше пайда болған жоқ қой.

- Асқар тау, ақылды әке, мейірман ата ретінде Әділ аға қандай?

- «Жақсы әке балаларына қырық жыл азық» деген аталы сөздің тамыры терең. Әділ - атына заты сай азамат. Мен онымен 60 жыл бұрын таныстым. Мінезі баз қалпында, өзгерген жоқ. Балалары да, немерелері де оны қатты құрметтейді.   

- Келіндеріңізге жақсы жар боп қалу үшін қандай ақыл айтасыз?

- Оларға тек өз басымнан өткерген өмір тәжірибемді үлгі етіп айтып отырамын. Келіндер соны жадына сақтап, мені қайталап жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

- Өміріңізде ұмытылмас сәттер деп қай кездерді айта аласыз?

- Әділ ағаң жоғарыда атап өткен қуанышы мол сәттердің  маған да тікелей қатысы бар, әрине. Алайда тағы бір ұмытылмас уақиға - ағаңның Елші ретінде Британия Королевасы – Елизавета Екіншіге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Сенім грамотасын тапсырған күні.

- Артыңыздан еріп келе жатқан сіңілілеріңізге айтар ақылыңыз?

- Әжемнің маған айтқан өсиеті мен ана бақытын тілеймін!

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз