KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Конституция–тұрақтылық пен ынтымақ кепілі

Тәуелсіз ел тарихындағы елеулі мерекелердің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. Бүкілхалықтық дауыс беру тәсілімен қабылданған осы Ата Заң тәуелсіздікке таудай тіреу болып, нәтижесінде сол күн халықтық мерекеге айналды. Осы мерекеге орай, Астана қаласы адвокаттар алқасының мүшесі Тельман Әленов өз ойымен бөлісті.
Мәдениет
2018-08-30

Тельман Құдайбергенұлы, құқықтық мемлекеттің тарихи қалыптасу тəжірибесі мен дамуы жайлы ой білдірсеңіз..

Құқықтық  мемлекет  дегеніміз – жеке  тұлға   мен  қоғам  мүддесін  қорғайтын,  заң   үстемдігі  мен  құқық  принциптеріне  негізделген  мемлекет. Мемлекеттік қалыптасу, Конституция қабылдау жолын тек біз ғана емес, өзге елдер де бастарынан өткізді. Біз этнос ретінде осынау қиын қалыптасу, даму жолынан абыроймен өттік. Қазақ қоғамы елдікті түрлі әдіс-тәсілдермен жетілдіре отырып, бірлік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мемлекеттіліктің белгілерін жасақтауға тарихи мүмкіншілікті тиімді пайдалана білді. Ата-бабаларымыз құрған құқықтық қоғам заманауи түсініктегі мемлекет ұғымына сай келмесе де, басқарудың сол түрі олардың еркін және тәуелсіз орта қалыптастыруға деген ұмтылысының куәсі екені анық.

Тарихқа зер салсақ, сол кездің озық ойлы азаматтары, ағайынды  Керей мен Жәнібек бабаларымыз 1465 жылы алғаш Қазақ хандығын құрып, мемлекет функцияларын өздеріне жүктеп, елдің жан-жақты дамып, өсіп - өрбуіне қамқоршы болған. Ал, олардың ізбасарлары, ішкі қайшылықтарды ақылмен шеше отырып,  сыртқы жаулармен, әсіресе жонғарлармен  жан берісіп, жан алысқан, адам төзгісіз арпалыста елді қорғап, сырттан төнген қатерді жеңіп,  ұрпақтарына  жарқын жол көрсетіп,  тәуелсіз ел болуға  бағасыз еңбек жасалғанына, бес ғасырдан аса уақыт өткеніне баршамыз куәміз. 

Автономиялы Республика статусына ие болған Қазақ елі, алғашқы Конституциясын 1926 жылы 18 ақпанда қабылдап, саяси жүйе мен қоғамның дамып, өзгеріп отыруына сәйкес, оның  нормалары уақыт талабына сай, өзгеріп отырған.          

Алаш Орда арыстары қол жеткізе алмаған арманның орындалуына Кеңес үкіметінің ыдырауы себебін тигізіп, мемлекетіміздің егемендігін жариялауға мүмкіндік туды. 1991 жылы 16 желтоқсанда еліміздің тәуелсіздігі туралы дүние жүзіне жар салып, екі жыл өткен соң, тәуелсіз Қазақстанның алғаш Конституциясын  қабылдап, Қазақстан Республикасының Президентін мемлекет басшысы, деп тануға  қоғам мүшелері бір ауыздан  мәмілеге келгені бүгінде тарихқа айналды.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Ата Заңын әзірлеушілердің бірі академик Сұлтан Сартаев ондағы конституциялық нормалардың жедел, қысқа уақытта енгізілу себебін мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынас сипатын өзгерту, мемлекет егемендігін бекіте түсудің қажеттілігімен түсіндіреді. Өйткені, сол кезеңде бір қоғамдық жүйеден екіншісіне ауысу барысында бұрынғы ел билігіндегі консервативті күштер өз орнын босатып беруге ашық қарсылық білдіріп жатқан уақыт еді. Сол кездегі қоғамның белсенді мүшелерінің қолдауымен жүзеге асқан, тәуелсіз даму жолы, қазіргі Конституцияның шынайы жағдайын көрсетіп отыр. Қоғамдағы өзгерістер сол Ата Заң негізінде іске асуда. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде қоғамымыздың басым бөлігінің әл-ауқаты жақсарғаны көрер көзге бірден байқалады.

Қоғам мен мемлекеттің өзара байланысы, жалпы ел азаматтарының құқықтық мәдениеті қай деңгейде?

Конституцияда мемлекеттік биліктің жүзеге асырылуы, азаматтың, тұлғаның қоғамдағы орнын нақтылау механизмдері белгіленген. Халқымыздың бостандықты, теңдік пен келісімді қолдайтыны Ата Заңның кіріспе бөлімінде-ақ көрініс тапқан. Конституция қоғам мен мемлекет алдына жаңа міндеттер жүктейтіні ақиқат.

Біз өз іс-тәжірибемізде азаматтарымыздың ел заңдарына деген қандай да бір қарсылығын, нашар деп айтқанын естіген де, көрген де емеспіз. Қылмыстық қудалау тұйығына кірген  адамдар көбіне құқық қорғау органдарының қызметіне шағым айтады. Жауапты лауазымдардың процессуалдық талаптарды анықталған тәртіп бойынша орындамауларына наразылығын білдіреді. Мәселен, тергеу барысында заңсыз әдіспен алынған дәлелдердің заңдық күші болмайтыны, кінәлі емес болуы мүмкін деген ойдың өзін сезіктінің пайдасына жарату, сияқты конституциялық қағидаттар сақтала бермейді.

Осындай мәселелер құқықтық нигилизм мен құқықтың құнсыздануын көрсетеді. Мұны қоғам мүшелері көріп отыр. Конституциялық нормаларды назарға алмауды, өкілетті адам мен құқық қорғау органдарының азаматты қорғамауын қалыпты деп қабылдауға бой үйрете бастайды.

Құқық қорғау органдары заңмен бекітілген процессуалды нормаларды әр уақытта сақтамайды, нәтижесінде сезіктінің кінәсі туралы деректер заңсыз әдістермен жиналады. Ал бақылаушы орган бұл заң бұзушылықтарға көз жұма қарайды. Қағаз толтыру арқылы дәлел жинау әдетке айналып бара жатқан секілді. Осындай жағдайлар Конституцияның кейбір нормаларына өзгеріс енгізуге септігін тигізді. Нәтижесінде қадағалаушы органның  бірқатар өкілеттіліктері сот саласына берілді. Әйтсе де мемлекеттің азаматтарды қорғау немесе конституциялық құқықтарын сақтау механизмдері жоқ, деп айтуға да болмас. Ол бар. Алайда,  шағымданушы өз құқықтарының бұзылуына орай берген сауалына алатын жауабының мазмұны сол органға деген наразылықты тудырады. Себебі,  сол бір жапырақ қағазда шенеунікке ғана түсінікті тілде, «жауап беріп құтылсам болды», деген оймен жауап беріледі. Ал, сот қабылдаған  шешімдерді түсіну үшін адамдар не жазғанын ұғындырып беруін сұрап, сол сотқа қайтадан өтініш түсіруге мәжбүр болған жайттардың орын алғаны, бүгінде ашық  айтылып жүргені ащы шындық. Кейбір мемлекеттік органдардың  бюрократтық аппаратқа айналып, негізгі міндеттерінен ауытқып кеткені де құпия емес. Құқық қорғау органдары арызданушының мәселесін нақты шешудің орнына бюрократиялық нормативті-құқықтық актілерді қабылдауға машықтанып алғаны да баршаға мәлім. Сол актілерде қойылатын талаптар іс жүзінде еліміздің заңдарына қайшы келіп жатады. Дегенмен, қолдан жасалған кедергілер мен туындаған мәселелерге қарамастан азаматтық қоғам Конституциямен бірге дамып, өмір сүруде, заң талабын орындау,  ережеге айналып келеді.  

Конституция күні қарсаңында Қазақ еліне айтар тілегіңіз?

Конституция күні – айтулы мереке. Ол – мемлекеттілігіміздің алтын тұғыры, діңгегі. «Қасым ханның қасқа жолы», «Әз Тәукенің жеті жарғысынан» бастап, тәуелсіздігімізді алып, мемлекетіміз нығайып, орныққаннан кейін Ата заңымыз қабылданды. Бүгінде, барша халықтың тең құқықтық дәрежесін қамтамасыз етіп қана қоймай, бостандықтары мен құқықтарына кепіл болуда. Лайым осылай болғай. Қоғам мүшелерінің оған күдіксіз сеніммен қарайтынына кәміл сенемін. 

Осы сәтті пайдаланып, байтақ даламызды - Ұлы дала елін Отаным, деп ұғатын әр адамды Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесімен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болсын! Азат елдің ұрпақтары Ата заңын ардақтап өссін! Барлықтарыңызға денсаулық, бақыт тілеймін!

 

Сұхбатыңызға рақмет!

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз