KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Бала құқығы – асыл қазына

«Otbasym.kz» редакциясында заңгер, медиатор Гүлбаршын Шаймұратқызы қоғамымыздың ең кішкене өкілдері – балалар құқығы жайлы өз ойымен бөлісті.
Мерейлі отбасы
2018-06-19

-2002 жылы тамызда Қазақстанда «Бала құқығы туралы заң» қабылданды. Бұл заң 9 тарау, 53 баптан тұрады. 2002 жылы қыркүйекте Қазақстан «Бала құқығы туралы конвенцияға қол қойды», сөйтіп Қазақстанның «Балалар құқығы туралы заңы» енгізілді. Қазақстанда балалардың құқығын қорғау туралы атаулы күндер де берілген. Елбасы Н. Назарбаев: «Осы Заң балаларды қоғамдағы толымды өмiрге даярлау, олардың қоғамдық мәнi бар және шығармашылық белсендiлiгiн дамыту, әлемдiк өркениеттiң жалпы адамзатқа тән құндылықтары негiзiнде оларды жоғары имандылық қасиеттерге, елжандылық пен азаматтыққа тәрбиелеу, олардың бойында ұлттық сана-сезiмдi қалыптастыру принциптерінің басымдығына сүйенiп, баланың Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдiк берiлген негiзгi құқықтары мен мүдделерiн iске асыруға байланысты туындайтын қатынастарды реттейдi» – деген болатын. Ал, осы балалар құқығы қандай деңгейде қорғалуда?

Жасөспірімдердің құ­қығын қорғау оның ата-анасынан бастап әрбір адамның азаматтық борышы болып саналады. Оқушылардың өз құқығын білуі, құқықтық мәдениетін жетілдіре отырып, Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы білімдерін шыңдау, құқық бұзушылықтан аулақ болуға шақыру үшін арнайы тәрбие сағаттары, шығармашылық жұмыстар, құқық қорғау органдарымен сынып сағаттары жүргізіліп отырса, отбасында ата-анасы үйретіп, таныстырулары керек. Оқушылардың құқықтық білімдерін тереңдету, заң алдындағы жауапкершілікті арттыру, ұйымшылдық пен тәртіптіліктің тиімді жолдарын таба білуге баулу, саяси сауаттылыққа баулу; оқушыларды өз құқықтарын қорғай білуге үйрету; оқушылар бойында демократиялық көзқарас қалыптастыру; құқықтық нормативтік актілерді орындай білуге, құрметтей білуге үйрету, адамгершілікке, құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу; оқушылардың ойлау, тыңдау, өз ойларын еркін жеткізе алу мәдениетін дамыту, шығармашылық қабілеттерін шыңдау және тағы да басқа жұмыстар отбасы мен мектеп, бала жүрген орта, көпшілік тарапынан дер кезінде берілсе және балаға жиі-жиі қоғамда болып жатқан әртүрлі жағдайлардан да хабардар етіп отырған дұрыс. Заңмен де, қоғаммен де бала 100 пайыз қорғалған десек болады, бірақ бұл өмір болған соң әртүрлі жағдайлар да кездесіп жатады. Ондай жағдайда бала құқығына нұқсан келтіруге ешкімнің қақысы жоқ.

-«Менің құқығым бар» деген сөзді балалар қай жастан бастап білулері керек?

Жоғарыда өзіңіз айтып кеткен заңның 9-бабында «Әрбір бала туған сәтінен бастап аты, әкесінің аты, тегі, ұлты және азаматтығы болуына құқылы» – делінген. «Әрбір баланың өмір сүруге, жеке басының бостандығына, қадір-қасиетіне және өміріне қол сұғылмауға құқығы бар» деп 10-бабында айтылса, 11-бап «Баланың сөз және ар-ождан бостандығына, ақпаратқа, қоғамдық өмірге араласуға құқығы бар» дейді. 15-бапта « Әрбір баланың білім алуға құқығы бар» екені жазылған. Олай болса, баланың дүниеге келген күнінен бастап құқығы қорғалған. Тек оны бала өсе келе дұрыс түсіндіріп отырған жөн. Кейбір ата-аналар да табылып жатады, оны біліп ол қайда барады не болмаса біз бар емеспіз бе дейтін, бұл жағдайда дұрыс түсінген абзал. Еліміздің кез-келген бүлдіршіні – ол болашағымыз, ел азаматы болып өседі, ал ол өзін қорғай алу үшін, ертеңіне нық қадам басу үшін ол бірінші заң жүзінде сауатты болуы керек. Жарайды, тіпті, алысқа бармай-ақ қояйық , бір мысал, өмір болған соң түрлі жағдай болып ата-анасы ерте кетіп жататындар, аяқ астынан болатын да жағдайлар бар, міне, сол кезде ол бала өзіне қалған пәтер тағы басқа дүниеден оңай айырылып қалуы да мүмкін. Әрине, қоғам оны далаға тастамайды дейміз, бірақ ол сол далада қалмас үшін өте көп жүгіруіне тура келеді, ал, оның бәрі заңды тұрғыда сауатты болмауынан.

-Ал, жаңа Сіз айтқан ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қандай көмек көрсетілуі тиіс?

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға оның мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтарын қорғау үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қорғаншы немесе қамқоршы белгiленедi. Қорғаншылық он төрт жасқа толмаған балаларға белгiленедi, ал қамқоршылық он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандарға белгiленедi. Жергiлiктi атқарушы органдар қорғаншылық және қамқоршылық органдары болып табылады.

 Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, соның iшiнде тәрбиелеушi, емдеушi немесе басқа мекемедегi балаға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес патронат белгiленуi мүмкiн. Қорғаншылық немесе қамқоршылық белгiленген баланың аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi бар болса, олардың бiрге тұруы үшiн жағдай жасалады.

-Қазір асырап алу деген өте көп кездеседі. Әрине, кез-келген баланың бақытты болғаны жақсы, бірақ кей жағдайларда керісінше де шығып жатады. Бұл орайда не айтар едіңіз?

«Бала құқығы туралы заңның» 28-бабы бала асырап алуға байланысты жазылған. Онда, «Отбасында өсiріп-жетiлдiру мен тәрбиелеу үшiн жағдайлар жасау мақсатында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен асырап алуға берiлуi мүмкін» деген, әрине, ол жердің де өзінің қатаң тәртібі бар, баланы асырап алды екен деп сыйға тартып бере салмайды ғой, тексеріледі, уақыт беріледі, ал, егер де заңға қайшы келетін тұстарын аңғарған жағдайда бала дереу кері қайтарылады.

-Толық емес отбасындағы баланың құқығы жайлы айтсаңыз?

Отбасының бұзылуы қазіргі заманғы қоғамның проблемасы болып табылады. Толық емес отбасының проблемасы – бұл баланың әлеуметтенуінің бұзылуы проблемасы. Ерлі-зайыптылардың арасындағы туындаған кикілжіңдердің салдарынан балалар депрессияға ұшырайды және дамуының артта қалуына бейімді болып келеді. Осылайша, ажырасудың себептері баланы ауыр психологиялық жағдайға душар етеді. Толық емес отбасылардың көбісі әкенің кетуі себебінен пайда болады. Анасы көбінесе күйеуіне деген ашуын жасыра алмайды; оның ашуы мен наразылығы көбіне олардың ортақ баласына әсер етеді. Сонымен қатар, анасы жалғыздығымды білдірмеймін деп, қамқорлығын асыра орындауға тырысып, балаға шексіз махаббат пен шектен тыс әлпештеуге ұмтылады. Осыдан кейін, отбасының тәрбиелік құрылысы бұзылып, баланың тұлға болып қалыптасуына теріс әсерін тигізеді. Осылайша, балаларда ғана емес, ажырасқан отбасылардың ата-аналарында да психологиялық проблемалар пайда болады. Қандай отбасында болмасын, біздің елімізде бала құқығы қорғалғаны сөзсіз, тек толық емес отбасы проблемасын ол жерде тәрбиеленіп жатқан балалардан бөлектей алмайсың. Ондай отбасында тәрбиеленген балалардың барлық жағдайы өз ата-аналарының қолында. Себебі, ол балаларға заңнан гөрі психологиялық көмек көбірек керек. Балалар біздің болашағымыз болғандықтан, отбасын құрған әр азаматқа өте үлкен жауапкершілікпен қабылдаса екен дегім келеді. Заң жүзінде шешілетін мәселе ол уақыт еншісінде, әйтеуір бір күні аяқталады, ал, көңілге, жүрекке түскен тірі жетім ұрпаққа ешқандай заң керек емес, оларға аналарының аялы алақаны мен әкенің тәрбиесі бірдей қажет. Тағдырдың тәлкегінен ерте есейіп, ата-анаға деген реніші бар ұрпақтан қандай мемлекет құраймыз? Сол себептен, бұл жағдайды бірінші кезекте ата-ана ойланып, таразылағаны абзал. 

 

 

 

 

 

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз