KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Құрбан Айт – күллі мұсылман халқының басты мейрамы.

Құрбан шалу – қазіргі діндер пайда болмай тұрған ежелгі тас дәуірінде қалыптасқан діни мәдениеттің ең көп таралған түрі. Көне замандарда ата-баба рухына тағзым ету үшін жасалған құрбан шалу дәстүрі бүгінде мұсылман халықтарының діни сенімдерінің біріне айналған. Біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген адамзат баласы әртүрлі құдайларға арнап жануарларды құрбандыққа шалса, Антикалық мәдениетте құрбандық шалудың аталған түрінен өзге қан шығармай жасалатын (рақымшылық жасау) құрбандық пайда болған.
Мәдениет
2018-08-21

Құрбан Айт мейрамының арабша атауы - Ид Аль-Адха. Бұл мейрам мұсылмандардың жыл санауы бойынша хижраның екінші жылы, яғни 624 жылдан бастап тойлана бастаған. Діни наным-сенімге жүгінер болсақ, Құрбан Айт мейрамы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің өзі және өзіне жол көрсетуші Ибрахим Пайғамбардың құрметіне жасаған. Бұл мейрамның пайда болуы Ибрахим Пайғамбардың өмірімен тығыз байланысты. Ибрахим Пайғамбар бір ғана құдайға сенген және оған адал болған. Сол себептен де ол өзгелерге жаратушы құдайдан өзге жаратылысқа сыйынбау керектігін, олардың тұрақсыз екендігін айтып жеткізуге тырысқан. Құран бойынша, Құрбан Айт өзінің бастауын Алланың Ибрахимге жіберген сынағынан алады. Аңызға сенсек, Ибрахим 86 жасына дейін бір перзентке зар болып, тек 86 жасқа келгенде ғана ұлды болған. Тілеген тілегі қабыл болған Пайғамбарға ұлы ер жете бастаған шақта түсінде Алла жалғыз баласын құрбандыққа шалуды сұрайды. Алланың әміріне қарсы келе алмаған Ибрахим жалғыз перзентін құрбандыққа шалмақ болады, алайда, Алла Тағала Ибрахимнің өзіне шын берілгендігіне, адалдығына көзі жетіп, оны тоқтататы да, құрбандыққа шалуға қой береді. Осы оқиғадан кейін Құрбан Айтта құрбандыққа қой шалу дәстүрі өріс алған.

Ал Орта Азия елдерінде бұл мейрам Х-ХІІ ғасырларда ислам дінінің келуімен тойлана бастаған. Қазақ халқының алғаш бұл мейрамды тойлауы жайлы деректер ХІХ ғасырдағы орыс жазбаларынан белгілі.

Әр мұсылман елінде Құрбан Айт әр түрлі тойланады. Дегенмен, мейрамды тойлаудағы мазмұн, мақсат барлығына ортақ – Құдайға жақындай түсу, Аллаға деген сенімді жеткізу, оған тіл қату. Ид аль-адха күні адамдар жаратушыға жалбарынудан өзге туған-туысқандарына көмек қолын созу, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын беру сияқты сауапты амалдарды да орындайды. Сонымен қатар, Құрбан Айт мұсылмандардың қасиетті Меккеге қажылық жасауымен өзінің маңызын арттыра түседі. Мейрамға бір күн қалған кезде Меккеде қажылық етушілер Арафат тауына шығады, ал Құрбан шалу күні олар Қағбаны жеті реет айналып, бейнелі түрде шайтанды қуалайды.

Құрбай Айт оразадан кейін 70 күннен кейін, Зуль-хиджа айының 10-шы күні тойланады. Мейрамнан бір күн бұрын, арапа күні, ораза ұстау салты да бар.

Ислам дінінің талаптарына сәйкес құрбандыққа қой (бір жастан үлкен), сиыр (екі жастан үлкен) және бес жасар  түйеден үлкен малдар шалынады. Құрбандыққа соқыр, ақсақ, ауру-сырқау, құйрық-құлақтары кесілген малдарды шалуға болмайды. Құрбандыққа малды шалудың пышақты малдың көзінше қайрамау, малды өз отарынан басқа жерде бауыздау, такбир жасау, малдың аяғын байлап, басын Меккеге қарату секілді  өз талаптары мен реті бар.

Құрбан Айт барша мұсылмандарға ортақ мереке болғанымен де, әр елде түрліше тойлау дәстүрі орыналған. Мысалы, Марокко, Индонезия, Малайзиядағы мұсылмандар Айт намазынан соң көшеге шығып, би билеп, бұл мейрамды карнавал түрінде тойлайды екен. Ал Түрік ағайындардың бір ерекшелігі олар сойылған малдың етінен кебаб дайындаса, Тәжікстан мен Ауғанстанда адамдар үйлерінде дастархандарын жайып, қонақ күтеді. Өзбекстанда ұннан түрлі тағамдар пісіріп, мерекелік палау дайындайды, құрбандық шалу күні жақын арада той өткен отбасыға барып, жас келіннің жайған дастарханынан ауқаттанып, келіннің қолынан шай ішіп, баға береді.

Еліміздегі мұсылман жұртшылығы ханифат суфизмге жатады. Ханифат мазхабы – исламдағы ең көп тараған бағыт. Бұл бағыт бойынша мұсылмандардың жергілікті салт-дәстүрлерді жасауына ешқандай тыйым салынбаған. Мысалы, қазақтар Айт намазынан соң көптеген мұсылмандар сияқты зират басына барып, әруақтарға құран бағыштайды. Ал радикалды ислам бағыттарында мұндай дәстүрлерге жол берілмейді. Қазақстанда мұндай жергілікті салт-дәстүрлерден басқа, бұрындары ат шаптырылып, айтыс ұйымдастырылып, көкпар, қыз қуу сияқты түрлі ойындар ойнатылып, мол дастархан жайылған. Адамдар бір-бірлерін мейрамдарымен құттықтап, ізгі тілек-ниеттерін айтып, бір-бірлерінің үйіне қонаққа барады.

Мақаламызда қасиетті мейрамның пайда болу тарихына үңіліп, түрлі мұсылман халықтарында тойлану ерекшеліктерін де атап өттік. Байқағанымыздай, Құрбан Айт – барша мұсылмандардың ең елеулі мерекесі. Құрбан Айт мейрамы құтты болсын!

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз