Ұлы іс отбасынан басталады
Жаһандық сын-тегеуріндер уақытында отбасы институтын дамыту мен нығайту — ел болашағының жарқын кепілі болмақ. Дәл осы кезеңде мемлекеттік бағдарламалар тетігі арқылы қастерлі құндылықтарымызға барынша көңіл бөлгеніміз дұрыс. Кез келген мемлекет отбасылық институттың жоғарыда біз атап кеткен баспалдақтары арқылы іргесін берік қалайды. Биыл Қазақстанда отбасы саны шамамен 5 млн-нан асады деген жағымды ақпардың өзі жарқын болашағымызға жол бастар кемел келешекті көз алдымызға әкелді. Әлбетте, отбасының ең үлкен байлығы да, тірегі де ұрпақ. Сондықтан демографиялық өсім еліміздегі отбасы институтын нығайта түсу үшін өте маңызды бағыт.
Еліміздегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, біздің мемлекетте 340 мыңға жуық көп балалы отбасы бар. Бұл біз үшін үлкен қазына. Ұлт тірегі ана мен бала десек, аталған әр отбасында бала саны кемі 4-тен, тіпті кейбірінде 5-6 баладан өсіп келеді. Олардың ішінде 8 мыңнан астамы – 29 жасқа дейінгі 4 және одан да көп ұл-қыздары бар көп балалы аналар екені қуантады. Қазақ мұндайда «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деп әр баланың өз несібесі бар екенін айтып, балалы үйдің базар екенін ишаралаған.
Бір ерекшелігі, көп балалы отбасылардың саны бойынша күнгейдегі өңірлер, яғни Түркістан облысында 86 585 отбасы, Алматы облысында 40 218 отбасы, және Жамбыл облысында 30 040 отбасы көш бастайды. Жалпы, көп балалы отбасы болудың демографиялық ықпалынан бөлек, адам бойындағы ізгі қасиеттерге де үлкен септігі барын біздің ата-бабаларымыз ежелден білген. Бұл тұрғыда қазақ ортасы көп балалы болу арқылы-ақ ата-анаға деген қамқорлық, ағайын арасындағы айырылмас татулық, бауыр-қарындасқа деген мейірім сияқты моральдық құндылықтарды ұрпақ санасына қаншама ғасырлар бойы сіңіріп келді.
Биылғы жылдың «Жастар жылы» деп жариялануында да үлкен мән жатқаны белгілі. Әдетте біз – «жас келсе – іске» деп жатамыз. Олай деу үшін алдымен сол жастардың материалдық және моральдық бүтіндігіне жіті мән бергеніміз дұрыс. Мемлекетіміз бұл тұрғыда әрбір қазақстандық жас буынның қоғамдық-әлеуметтік әлеуетін іске асыруға даңғыл жол ашылып отыр. Жыл басында Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасы әзірленіп, бекітілді. Сол жол картасында жастарды жұмыспен қамтамасыз етуден бастап, тұрғын үй мәселесін шешуге дейінгі жан-жақты қолдауға бағытталған жобалар мен бағдарламаларды қамтыды. Осы орайда Министрлік отбасылық саясат саласында биыл 17 жобаны іске асырып жатыр.
Баспана беруден бөлек жас мамандарға тұрғын үй беруге бағытталған кәсіпорындар мен жұмыс берушілерді ынталандыру шараларын әзірлеу қарастырылып отыр. Яғни жеңілдікті ипотекалық бағдарламалар бойынша тұрғын үй сатып алу үшін бастапқы жарнаға пайызсыз несие беру де көзделген.
Басында баспанасы бар жас мамандар ел мүддесі үшін ештеңеге алаңдамай жұмыс істейтіні түсінікті.
Ең негізі мәселе – өмірде күрделі жағдайға душар болған топ пен көмекке мұқтаж жандардың қатарға қосылуында мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары. Қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмекті мемлекеттен 280 мыңнан астам отбасы алады. Биыл Қазақстанда балалы отбасыларды қолдауға 67 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Елімізде ата-аналар мемлекеттік жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер алады, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі шараларды және салық салу кезінде жеңілдіктерді пайдаланады. Барлық әлеуметтік төлемдер жыл сайын инфляция деңгейіне индекстеледі. Айта кету керек, әлеуметтік қолдау бес отбасы санатына көрсетіледі. Атап айтқанда, алдымен бір жасқа дейінгі балалары бар аналар мен отбасыларға, одан кейін көп балалы отбасыларға, мүгедек балалары бар отбасыларға, сондай-ақ аз қамтылған отбасылар мен зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін негізгі өлшем ретінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі мен 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап үзілістерге қарамастан, қатарынан кез келген 3 жыл жұмыстың орташа айлық табысының мөлшері есепке алынады.
Жақында ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың несиесін жабу жөніндегі Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Бұл көптеген ел тұрғындарының әлеуметтік ахуалын оңалтуға жасалған батыл қадамдардың, оң шешімдердің біріне айналғаны сөзсіз. Бабаларымыз айтқандай «Жетім көрсең жебей жүр» деп жарлыға жақын жүру, жетім-жесірге жебеу болу әрқайсымыздың рухани парызымыз десек те болады.
Біздің жаңа қоғам осы ретте тағы бір тамаша үрідісті қолға алып келе жатқанын айта кетуіміз керек. Бүгінгі таңда әр өңірде ана мен мұқтаждарды қолдауға бизнес өкілдері қосылып отыр. Мысалы, қала ішіндегі жолаушылар көлігінде (таксиден басқа) тегін жол жүру; біржолғы ақшалай төлем (2,5 АЕК); бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақтану; колледждерде балаларды тегін оқыту; қаланың жоғары оқу орындарында тегін оқу дәне т.б. көмек берілді. Аз қамтылған отбасыларға, соның ішінде көп балалы отбасыларға коммуналдық қызмет шығындары отбасы табысының сегіз пайызынан асатын болса, тұрғын үй көмегі қарастырылған.
Мемлекетіміздің осынау орасан зор игіліктері әрине, жеміссіз емес. Жастарымыз бүгінде бос отырған жоқ. Студенттер альянсы, жастар конгресі сияқты түрлі ұйым мемлекеттің бір кірпіші болып қалануға барын салып келеді. Бір ғана мысал айтатын болсақ, жақында орын алған Арыстағы оқиға кезінде еріктілер жасағы құрылып, көшірілген қала тұрғындарына қажетті көмек көрсету үшін Шымкент қаласына жіберілді. Енді Арыс қаласын қалпына келтіруге қолғабыс жасайтын арнайы отряд құру жоспарланып отыр. Бұл, әлбетте біз сөзіміздің басында айтып кеткен отбасында берілген орынды тәрбиемен келген тамаша тағылымның тартуы.
Биылғы Жастар жылы – тәуелсіздік жылдары жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік жастар саясатының басты оқиғасы. Бұл оқиға жастарға қолдау көрсету мен жағдай жасауға жаңа серпін береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде аталған құндылықтарды бекіте түсуге ерекше назар аударып отыр. Осы және басқа да өзекті мемлекеттік әлеуметтік қолдау аясындағы іс-шаралар легін жүйелі түрде орындау үшін қарқынды жұмыс жүргізілуде. Себебі дәстүрлі құндылықтарға сүйенген, әлеуметтік тұрмысы жақсы, келешекке деген сенімі зор шаңырақтың босағасы да берік болады. Ал осындай ішкі тіні мықты, ынтымақ-бірлігі бекем, экономикалық жағынан әлеуетті отбасылар жиылып келгенде қуатты қоғамды қалыптастыратыны дәлелдеуді қажет етпейді. Демек, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да мемлекет пен қоғамның мүдделі тараптарының қатысуымен жүйелі түрде жалғасын таба бермек.
Дәурен АБАЕВ
Ақпарат және қоғамдық даму
министрі
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз