Ұлы іс отбасынан басталады
«Наурыз» сөзінің әлем бойынша таралу аумағына қарағанда, жыл бастауы саналатын мейрамның көптеген елдерге ортақ екендігін түсінесің. Мейрамды Орта Азия елдерінің көптеген халықтары көктем мерекесі және табиғаттың жаңару күні ретінде 3 мың жыл бойы атап өтіп келеді. Ал кейбір деректерде наурыз шығыс славяндарына да ортақ екендігі жазылған. Бұл мереке туралы тарихи деректерді көне және орта ғасырлық атворлардың еңбектерінен жиі кездестіруге болады. Тәжіктер оны «Гульгардон» немесе «Гульнавруз», татарлар - «Нардуган», ежелгі гректер «Патрих» деп атаған екен.
Ықылым заманнан мерекені атап өтудің негізінде табиғатқа деген махабат пен адамгершілік қағидаттары жатты. Оның көнелігіне қарамастан, мереке халық жадында сақталып қалды және қазіргі уақытта терең рухани-этикалық мағынаға ие болды. Ал бүгін оның негізіне қазіргі заманның түйіткілдері - адам мен табиғаттың бірлігі мен өзара байланысы енгізілді. Қазақша жыл қайыру бойынша бұл күн әдетте күн мен түн теңесетін - 21 наурызға сәйкес келіп отырған. Сондықтан, қазақ халқы «март» айын - наурыз деп атады. Бұл күні табиғат жаңарып, тіршілік оянады, көктемнің алғашқы найзағайы ойнап, көк шығады деп саналған.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Otbasym.kz» редакциясы қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын, жазушы, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің нағашы қарындасы Асылгүл Рақымжанқызының отбасында қонақта болды.
Киелі жеті дәм мен ақтан жасалатын тоқшылық пен ырыс-құттың, молшылықтың белгісі болып табылатын қасиетті тағам - Наурыз көжеден дәм татып, өзіндік дайындау әдісімен таныс болдық. (Толығырақ мына сілтеме бойынша https://www.youtube.com/watch?v=y8_eYuF_qCU&t=68s)
Наурыз—бірліктің, татулық-еңбектің, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі. Сондықтан да болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Наурызда жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар жақсы өнегеден үлгі алады.
Сонымен қатар айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттың, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері тән таным-ұғымдарының үлгі-түрлері өте көп. Онын бәрі әр адамды жоғары саналыққа, әдептілікке, өнегелікке, бауырмалдылыққа, көрегенділікке, білімділікке баурайды. Наурызды әр халықтың асыға күтетіні де осыдан болса керек.
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз