Ұлы іс отбасынан басталады
Талант Арғынғали – ақын, журналист, Батыс Қазақстан облысының тумасы:
"Көрісу айты", "Көрісу күні", "Айттық мерекесі" деп Қазақстанның батыс өңірлері ерекше тойлайды. Бұрын алыс ауылдарда тұрған ағайындар қыстың қатал қаhарынан аман-есен шыққаннан кейін, ағайындар бірі-біріне барып, аман-саулығын білген. Жыл басталды, жаңа жыл келді, амандасайық, көрісейік деген ниеттен басталған мереке біздің бала кезімізден ауылдан кеткенге дейін 14 наурызда аталып, әлі де "көрісу айты" ретінде тойланады. "Көрісу" тек батыс жақта ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша тойланса, құба-құп дер едім.
Ғазиза Бахтияқызы – журналист, радиожүргізуші, Маңғыстау облысының тумасы:
Маңғыстауда әз-Наурыз 14 наурызда Амал мерекесімен басталады. Бұл – Көрісу салты. Біз бұл күнді асыға күтеміз. Себебі, жасы кішілер үлкендердің үйіне барып, қол алысып, құшақтасып, "жыл құтты болсын", "бір жасыңмен" деп көрісіп жатамыз. Әр үйдің қазанында қыс бойы сақталған ет, қазы-қарта асылып, үлкен той болады. "Амал" мерекесі бүкіл қазақ халқының төл мерекесі дер едім. Бірақ еліміздің батыс аймақтарында жақсы сақталған. Енді басқа өңірлерде де осы дәстүр жаңғырып жатса, бұл да бір рухани жаңғыру болар еді деп ойлаймын.
Оңаш Мәжитова - ақын, блогер, Атырау облысының тумасы:
Еліміздің батыс аймақтарында жақсы сақталған "Көрісу" салты "Амал" мейрамында жасалады. Бұл күні үйдің үлкендеріне жан жақтан жастар келіп, сәлем береді. Әсіресе жастар үшін бұл мерекенің тәрбиелік маңызы зор. Үлкенді сыйлау, қарияларға құрмет көрсету, ағайындардың татулығын нығайту осы "Көрісу" салтында ерекше көрініс тапқан. Бірін-бірі ренжіткен жандар кешірім сұрасып, татуласып жатады. Көптен бері кездеспеген адамдар қауышып, көзайым болып жатады. Осындай ізгілікке толы мереке елімізде кеңінен тойлану керек деп есептеймін.
P.S. 14 наурыз бұл ресми бекітілген саяси маңызды күн емес, бірақ әлеумет үшін ерекше мейрам. "Амал" мерекесінен кейін Әз-Наурыз өзінің күшіне ене бастайды. Кейінгі жылдары Наурызды тойлау дәл осы "Көрісу" салтының салтанатымен басталып жүр. Бір жерледе "көрісу" деген қазаға қатысты қаралы ұғым саналатын болғасын, еліміздің көп өңірлерін мекен еткен жұртқа ерсі естілуі мүмкін. Әрине, диалектикаға келгенде даулы мәселелер көп. Ол біздің жеріміздің аумақтық ерекшелігінен туындаған мәселелер екенін этнограф ғалымдарымыз айтып жүргені қай заман. Бірақ мәселе атында емес, затында деп түсінетін халқымыз "Көрісу" деген сөзге біртіндеп үйрене бастаған сияқты. Оған дәлел "Амал" мерекесін ақ дастарханымен қарсы алып, "Көрісу" салтын жасап жатқан Астананың қырық рудан құралған жұртшылығы. Батыстан ауған "Хеллоуин", "Әулие Валентин күні" сияқты ұлтымызға жат мейрамдардан өз еліміздің Батыс аймағынан бастау алған мереке біздің ділімізге әлдеқайда жақын екені сөзсіз. Себебі, дәл осындай күнде біз бір-бірімізге мейірім, ізетімізді, кісілігіміз бен кішілігімізді, мәрттігімізді білдіріп жатамыз. Ендеше, "Амал" мерекесі құтты болсын!
Сымбат Талғатқызы
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз