KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Отаным – мәңгі жүрегімде

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – елдің бүгіні мен болашағы туралы ой толқындарын қуатты сезім ағысымен жүректен өткізе отырып толғана, тебірене сыр шертеді. Оның Отанға, туған жерге, елге, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігі сүйсінтпей қоймайтыны ақиқат.
Дәстүр
2018-08-23

2018 жылдың жазы менің өмірімдегі ең керемет әрі есте қаларлық мезгіл болып қала бермек. Жаздың сол бір жаймашуақ күндерінде мен өзімнің тоғыз отандасым – студенттермен, Түркиядағы қазақ диаспорасының өкілдерімен бірге өзімнің көптен бергі арманыма қол жеткізіп, тарихи отанымыз – Қазақстан Республикасына барып қайттым. 

Әрине, Түркияда біз Қазақстан туралы жаңалықтарды қалт жібермей тыңдап отырамыз, әрі елорданың мерейтойына орай ауқымды іс-шаралар жоспарланып жатқанынан да хабардар едік, алайда сол мерейтойдың ортасында болу тіптен керемет болды! Ыстамбұлдан атамекенімізге қарай ұшып шыққан біздер қатты қобалжыдық: бізді Отанымыз қалай қарсы алар екен, ата-бабамыздың мекені қандай екен? Астанаға таяп қалғанда елорданың түнгі оттарымен айшықтала түскен келбеті бізді одан әрі тебірентіп жіберді.

Астана бізді жылы әрі желсіз ауа райымен қарсы алды. Туған жерге табанымыз тигені сол, кең даланың саф ауасын құшырлана жұтып үлгерместен, бізді Астана қаласы бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің өкілдері жылы шыраймен қарсы алып, бір сәтке де назардан тыс қалдырмады. Осындай жылы қабылдаудың арқасында біз бірден қонақжай қазақ халқының құшағына еніп кеттік әрі қобалжуымыз сол сәтте-ақ басылды.

Астанада болу бағдарламасы аясында елорданың ғажайып жерлеріне бардық: Бәйтеректе біз Отанымызға тағы да келсек екен деп тіледік; Назарбаев университетінде ақжарқын, дарынды құрбы-құрдастарымызбен таныстық; Тәуелсіздік сарайы өзінің заманауи сәулетімен әрі ауқымдылығымен тамсантты. Халықаралық Түркі академиясында кездесулер өтті, кейін «Атамекен» - Қазақстан картасы» этномемориалдық орталығына және Астана-ЭКСПО көрме кешеніне өте қызықты әрі танымдық экскурсия жасадық. Біз сондай-ақ этноауылға барғанымызға да өте қатты қуандық, онда қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды тамашаладық.

Барлық іс-шаралар қызықты әрі естен кетпестей әсер қалдырды, алайда біз үшін аса маңызды оқиға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың ҚР Президентінің жұмыс резиденциясы – Ақордада бізбен кездесу өткізуі болды.

Жылы ахуалда өткен кездесуді Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға арнаған: «Болашаққа деген біздің үкілі үмітіміз – сіздер. Біздің бүгінгі жасап жатқанымыздың барлығы – сіздер үшін» деген сөздерімен бастады.

Мемлекет басшысының бұл сөздері, менің ойымша, оның жас ұрпаққа деген қамқорлығын білдіреді әрі жастардың ой-санасын біреуге арқа сүйеу құлығынан арылуға және отансүйгіштік пен белсенді азаматтық ұстанымға бағыттайды.

Г.Әбдіқалықова сондай-ақ тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның жетістіктері, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және әлемнің ең дамыған отыз елінің құрамына кіру перспективалары туралы әңгімеледі. Республиканың шет елде тұрып жатқан отандастарын ешқашан ұмытпағаны жөніндегі пікір ерекше жадымда қалыпты. Бүгінде этникалық қазақтарды тарихи Отанына қайтаруға байланысты жұмыстар жалғасуда. Осының арқасында тәуелсіздік жылдары елге 1 миллионнан астам қазақ оралған, ал шетелде қазақ диаспорасының әлі 5 миллионнан аса өкілі тұрып жатыр екен.

Ақордада бізбен – Түркия Республикасындағы қазақ жастарының атынан келген студенттермен кездесу өткізу қатты әсер қалдырды, әрі өз кезегінде әрқайсысымыздың тарихи Отан үшін қаншалықты маңызды екенімізді ұғындырды. Біз үшін Астананың 20 жылдығын ресми мерекелеу қарсаңындағы бұл кездесу айтулы әрі символдық мәні бар оқиға болды.

Делегациямыз үшін тағы бір маңызды оқиға «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасына» баруымыз және Қазақстан мен Түркияның бауырлас халықтары тарихындағы маңызды сәттер атап өтілген «Ел ертеңі – жасампаз жастар» атты алқалы жиынға қатысуымыз болды.

Кітапхана директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов өз сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған қазақ тілін латын қарпіне көшіру идеясы бір тілде сөйлейтін, бірақ түрлі алфавитті қолданатын этникалық қазақтарды одан әрі жақындастыра түсуге ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ ол 2017 жылы өткен V Дүние жүзі қазақтарының құрылтайына тоқталып, онда шетелден көшіп келген қазақтарға көмек көрсету және жастарды қолдау үшін «Отандастар» қорын құру ұсынысының дер кезінде көтерілгенін еске салды.

Әрбір осындай бастама, шетелде тұратын әрбір қандасымызға бұлайша қолдау көрсету шынында жүректі жылытады.

Бүгінде Түркияда 10 мыңнан астам қазақ тұрады. Ыстамбұл қаласының Зейтинбурну, Кучук Чекмедже, Сефакой және Гунешли аудандарында көптеген қазақ отбасылары тұрып жатыр. Сондай-ақ қазақ диаспорасының өкілдері Анкара, Измир, Ниде, Конья және Манис провинцияларында қоныстанған.

Бұл ретте, туған жерімізден қаншалықты алыста болсақ та, көшпенді қазақпен жаны бірге біздер өз мәдениетіміз бен тілімізді сақтап қалдық. Әрбір отбасы қазақтың ұлттық оюларымен өрнектелген бұйымдарымен мақтанады, мерекелерде үнемі қасиетті қара домбыра күмбірлеп, дала халқының салт-дәстүрлері мен жөн-жоралғылары көрсетіледі.

Мәдениетімізді қолдау үшін қоғамдық қорлар зор үлес қосуда, олар, атап айтсақ, «Қазақ-түрік қоры», «Түркілердің әлеуметтік және мәдени дамуын қолдау қоры», «Ахмет Иасауи қоры», «Қазақ-түрік білім беру, ғылым және зерттеу қоры».   

Біздің ата-бабаларымыздың өмірі жаңа Отанында жақсы қалыптасқаны сөзсіз, олардың армандары орындалып, үй салды, оның іші сәби күлкісіне толды, алайда қазақтың жаны әрқашан туған жерінің әуенін, тау суының сылдырын естуге, жусанының иісін сезуге құштар. 90-шы жылдардың басында Қазақстан шетелдегі қандастарына Отанына оралу үшін құшағын кең жайғанда жаппай көшіп-қону басталғанын білемін. Оралуға ниетті бауырларымызға Отанында барынша қолайлы жағдайлар жасалды. Биліктегілер қандастардың көшіп келуді ұйымдастырып, баспанамен және әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етті.

Туған Отанына оралуға мүмкіндігі болмаған қазақтар үшін алғашқы күннен бастап жергілікті жердегі қазақ тілін, тарихын, мәдениеті мен руханиятын дамытуға қазақ мемлекеті тарапынан қолдау көрсетілгеніне куә болдық.

Мысалы, менің отандасым, Кадир Хас университеті заң факультетінің студенті Едіге Доған Түркияда қазақтардың Қазақстан тарихы мен мәдениетіне байланысты өтетін барлық іс-шараға мүмкіндігінше қатысатынын, сондай-ақ «Қазақ елі» журналы шығарылатынын айтты.

Едіге Доған да, біз де Қазақстанда болған кезімізде бір аса маңызды нәрсені ұғындық – біз өз Отанымызға керек екенбіз. Қазақстан, туған әкеміз секілді, туған шаңырағын қашан қалдырып кеткеніне қарамастан, әрқашан өз перзенттерін күтеді.

Кездесулерде және дөңгелек үстел басында менің отандастарым, Түркиядан келген аға-әпкелерім болашақта туған жеріне оралып, оның дамуына міндетті түрде үлес қосуға ниетті екендіктерін білдірді. Біз еліміз бен елордамыздың гүлденіп, көркейіп келе жатқанын көріп отырмыз, біз қазақ болғанымызға мақтанамыз. Түрік халқына қонақжайлылығы мен бауырмалдығы үшін шынайы алғысымызды білдіре отырып, бір кездері өз Отанымызға оралып, Қазақстанның төл азаматы атанатынымызға сенеміз.

Мен – қазақ қызымын, тарихи отанымда алғаш рет болып, өз халқымның осындай ұлы тарихына қатысым бар екендігін мақтаныш тұтамын. Түркиядан келген біздерге – қазақтарға Отанымыз жарқын кездесулерімен, керемет жайсаң жандарымен және жағымды сәттерімен есте қалғанын айтқым келеді. Бізге осындай сый ұйымдастырғандардың бәріне ризашылығымыз шексіз, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықоваға жеке алғыс айтқымыз келеді, біз үшін анамыздай уайымдап, бірге қуанып, осы жаздың ең жарқын күндерін бірге өткерген Астананың Іскер әйелдер кеңесіне рахмет дегіміз келеді. ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияға, Астана қаласы әкімдігіне, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына, «Kazakh Tourism» АҚ-ға алғысымыз зор. Үйге – Түркияға ұшып бара жатып, мен енді өзімнің екі үйім бар екенін ұқтым. Бірі – өзім өмір сүріп жатқан шаңырақ, екіншісі – жүрегімде!

 

Муневвер Бусе Ғайнетуллах,

Богазичи университеті Халықаралық қатынастар және саясат факультетінің 2-ші курс студенті, Ыстамбұл, Түркия.

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз