KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Жасанды интеллектке ие протез

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында медицинада жасанды интеллект технологияларын енгізудің өзектілігін атап өткен болатын. Осы орайда, дамыған ғылым дегенде бірден АҚШ, Жапония, Англия секілді елдер ойға оралады. Алайда, алысқа бармай-ақ өз елімізде өзгелерден озық шығып, топты жарған таланттар аз емес.
Денсаулық
2018-04-27

«Расымен, біз соңғы технологиялардың барлығы тек Америкаға тиесілі деп айтып жатамыз. Алайда, әсте олай емес. Мысалы әлемде бионикалық қол шығаратын елдер өте аз. Германия, Ұлыбритания сияқты елдерде тек он шақты компания осы сала бойынша жұмыс істейді. Сондықтан мен осы салада өз атымды қалыптастырғым келеді», деп бастады өз әңгімесін жас ғалым Мәулен Бектұрғанов.

Біздің кейіпкеріміз - 24 жастағы «MBionics» компаниясының негізін салушы, «Нұр Отан» партиясы өткізетін «Nurintech» республикалық инновациялық жобалар байқауының жеңімпазы, алғаш рет бионикалық протез жасап шығарған өнертапқыш - Мәулен Бектұрғанов. Сонымен бірге ол «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары қатарында ел Президентімен кездесуде болды.

Қазақстанда жылына 300-ге жуық адамның аяқ-қолдарына ампутация жасалады. Өкінішке қарай, бұл құрылғылар мүмкіндігі шектеулі адамдарға қозғалыстың барлық түрін жасауға аса ыңғайлы емес. Қазір елімізде 14 мың адам протезге мұқтаж. Сондықтан Мәулен осы мәселені шешу үшін өзінің «MBionics» деп аталатын компаниясын ашты. Компания былтыр сәуір айында іске қосылғанына қарамастан, оның жетекшісі қазір екінші адамға бионикалық протезді орнату жұмыстарымен айналысып жүр екен.

Мәулен Алматы қаласындағы О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінің түлегі. Ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ математиканы жақсы көріп, бағдарламалау олимпиадаларынан жүлделі орындарға ие болған. Мектепті үздік аяқтаған соң, Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне түсіп, ондағы озық технологиялармен жабдықталған зертханалар ғылымға ынтасын одан әрі арттыра түседі.

Ол бионикалық қолдың алғашқы нұсқасын 2015 жылы жасап шығарды әрі бұл идеяны дипломдық жұмысы ретінде қорғады.  

Бионикалық протез деген не?

Бионикалық протез - қолынан айырылған жандарға затты ұстап, оны сезінуге мүмкіндік беретін жасанды қол-аяқ. Бүгінде Қазақстанда 3 протез ортопедиялық орталығы жұмыс істейді. Алайда бұл орталықтарда адамның аяқ-қолына ампутация жасалады. Бұлар механикалық протездер ғана. Электромеханикалық протез қолдағы бұлшық ет тамырларымен байланысу арқылы жұмыс істейді. Оны ауыстыру мен басқару өте көп уақыт алады. Ал, Мәуленнің бионикалық протезі сенсор арқылы басқарылып, қолды еркін қимылдатады. Компьютерлік алгоритмдер құрылғыдан алған электрлі сигналдарды жүйке тамырына жеткізіп, затты сезінуге мүмкіндік береді. Бұл бионикалық протездер 20 шақты қызмет түрін атқара алды. Бионикалық қол арқылы ең қажетті қызметтерді атқаруға болады яғни қолды ашып-жұму, құрал сайманды ұстау және басқаруға болады.

«Ең алғаш осы жобамды жарыққа шығарғанда, көп адамдар мұндай бионикалық протездің әлемде аналогы бар екенін алға тартты. Бірақ, шетелде мұндай протездер өте қымбат тұрады, көп адамның қалтасы көтере бермейді. Мен  халыққа қолжетімді бағада әрі сапалы етіп шығарып, отандық өнімдерді қолдауды жөн көрдім. Мен жасап шығарған протездің программалау тілі (алгоритмі) әлемдегі осындай құрылғылардан өзгеше», дейді Мәулен.

Бұл жобаға қызығушылық біл­дірген соң, кәсіпкер Денсаулық сақтау министрлігі және Алматы протез орталы­ғымен ортақ меморандумға қол қойды. Қазіргі уақытта Мәулен протез жасауға рұқсат беретін сертификаттарды алу үшін құжаттарын тапсыруда. Себебі протез –медициналық құрылғы.  

Құрылғының құны қанша?

«Құпия болмаса, құрылғының құны қанша» деген көптің көкейінде сұрақ туады. Құрылғы 2 мың АҚШ доллары тұрады. Әрине, бұл жерде қолдың зақым­дану, жаралану деңгейі және бұлшық еттің сезімталдығы және адамның жұмыс орны сияқты факторлар да аппарат құнына өз әсерін тигізетіні жасырын емес. Ал шетелде жасалатын бионикалық протез қол 30 мың доллар, тіпті одан да жоғары бағаға сатылады. Кейіпкеріміз ең алғаш протез жасау үшін арзан материалдарды Қытайдан алғанын да жасырған жоқ. Алайда қазір бағасына қарамастан сапалы материалдарды АҚШ, Ұлыбритания сияқты технологиясы дамыған мемлекеттерден алдырып отыр. Құрылғының сапасы жоғарылағанына қарамастан, компания протездердің бастапқы бағасын сақтап қалды. Ал алгоритмді, программалау тілін өз компанияларында жазады. Бастысы, бионикалық протезді бір жыл аралығында қолдануға мүмкіндік бар. Мәулен қазір барлық бионикалық протездерді мемлекеттік гранттар есебінен жасап жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, тапсырыстар да баршылық. «Сондықтан біз қаржыландыратын ұйымдар іздеп жатырмыз», деді ол. «Негізінен протездер адам салмағының он пайызынан артық болмауы керек. Яғни протездер 500 грамм болу керек болса, біздікі 800 грамм. Қазір, осы жайтты жетілдіру үшін жұмыс істеп жатырмыз», дейді ол. Сонымен қатар, алдағы уақытта бионикалық иық және аяқ жасағысы келетінін айтты.

Egemen.kz

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз