KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Ұрпақ өрбіту мүмкіндіктерін сақтау мәселелері

Бала - әрбір отбасының бақыты, ұрпақ жалғастырушысы, еліміздің болашағы, тірегі. Сол үшін Елбасымыз осы ұрпақ өрбіту, халық санын көбейту мақсатында Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін жылдан-жылға дамытып жатыр.
Денсаулық
2018-09-15

Елімізде дені сау азаматтар көп болсын, олар сау ұрпақ әкелсін деген мақсатта заманауи емханалар салынып, медициналық көмекке бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын өсуде. Болашағын медицина саласымен байланыстыратын жастар мен осы салада еңбек ететін мамандардың шетелде білім алып, тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыруының да мүмкіндіктері жылдан-жылға көбеюде.

Бұл шаралардың маңызы зор, себебі осы қадамдар арқылы денсаулығын сақтау және жақсарту мақсатында қарапайым халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету деңгейі жоғарылайды. Денсаулық сақтау мәселесінің екінші жағы - біздің отандастарымыз осы бір мәселеге жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеуі, көп адамдардың өз денсаулығына салғырт қарауы. Жерлестеріміз мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді толығымен қолданып жатпайды. Мысалы, кез-келген мемлекеттік медицина орталықтарында тегін «скрининг» өтуге жағдай жасалған. Алайда адамдар ауырмағанша, еш уақытта дәрігерге бармайды. Сау адам кем дегенде жылына бір рет емханадан «скрининг» өтсе, денсаулығына сауатты болса, жаңадан басталып келе жатқан ауытқуларды ертерек анықтаса, оны тез емдеуге мүмкіндік болар еді.

Ал егер адам 365 күннің ең болмағанда 1 күнін денсаулығын кадағалауға арнай алмаса, аурудың пайда болғанын ескермей, артынан зардабын шегіп, қан аздығы, жүрек-қан тамырларының ауруы немесе онкологиялық аурулармен кезігіп жатады. Ал асқынып кеткен кейбір аурулардан айығып кетуге көп жағдайда заманауи медицина да көмектесе алмайды. 21 ғасырдың дерті болып кеткен бедеулік те соның салдарынан.

Бүгінде Бүкіл Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының пайымдауынша репродуктивтік жастағы ерлі-зайыптылардың 15-20 пайызы, яғни әрбір бесінші-алтыншы жұп бала көтере алмайды. Оның көптеген себептері бар. Мысалы, жас кезінде аяқты жылы ұстамау және басқа себептерге байланысты жыныстық мүшелерге суық тию, темекі шегіп, арақ ішу, ерте және ретсіз жыныстық қатынасқа түсу,  ең сорақысы – жасанды түсік жасату – бұл бедеулікке алып келетін ең көп кездесетін себептердің бірі. Бүгінде біз сияқты бедеулікті емдеу орталықтарына келетін әйелдердің 70-80 пайызға жуығы осы жасанды түсік жасату  зардабынан бала көтере алмай жүргендер.

Яғни кезінде бейсаналы түрде бала көтеріп, түсік жасатып, ал кейін тұрмыс құрып, есі кіріп, сәби көтергісі келгенде, бедеулік деген  мәселеге тап болады. Енді кім кінәлі? Әдетте – дәрігер мен үкімет. Осындай кезде қынжылатынымыз рас. Өйткені көп жағдайда адам өзі кінәлі болып келеді. Адамдар біз дәрігерге ақша төледік, енді қайтсе де емдесін деп талап қояды. Ал кей жағдайда мәселе тек ақшада емес. Инфекцияны жұқтырған өзі, ерте жыныстық қатынасқа түскен өзі, жасанды түсік жасаған тағы өзі. Қарапайым ережелерді сақтамай, кейін бізге жылап келетіндер көп. Бір балаға зармыз, немесе екінші-үшінші баламызды көтере алмай жүрміз деген мәселемен де келеді. Әрине, бұл жерде барлық ер азаматтар мен әйелдерге кір артуға болмайды. Мәселен, нәзік жандардың бала көтеру мүмкіндіктеріне гормоналдық ауытқулар, эндокринді аурулар, жағымсыз экологиялық факторлардың әсерінен болатын аурулар, эндометриоз, миома сияқты көптеген диагноздар да әсер етеді. Араларында туа біткен бедеулік -  жыныс мүшелерінің, жатырдың жетілмей қалуы да болады, бірақ мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Негізі қыздарды кішкентайынан жіті бақылауға алып, уақытында гинекологқа тексеріп тұру қажет.

Бедеулікпен кездескен жағдайда, оны емдеу үшін, оның нақты себептерін анықтау маңызды. Мысалы, кейбір емделушілер көп уақытын әртүрлі инфекция ауруларын емдеуге жоғалтады. Бірақ оның қауіпті және қауіпсіз түрі бар екенін түсіне бермейді. Қауіпсіз түрлері 95 пайыз адамда бар. Ол мүмкін емделуші бұрында ауырып кетіп, қазіргі кезде ағзада иммундық көрсеткіштері ғана калуы мүмкін. Ал қауіпті түрі емделушінің ағзасында инфекцияның дәл казіргі кезде өршіп жатқан, жедел түрде емдеуді қажет етеді. Мысалы, үш-төрт бала туған дені сау әйелдің қанын алсаңыз да, одан да неше түрлі инфекцияларға байланысты иммундық көрсеткіштер шығуы мүмкін. Оны емдей берсек, ол ағзаға зиян. Өйткені, адам көп антибиотиктер қабылдайды, гормоналды дәрі-дәрмек ішеді. Соны ажырата білуге кейбір дәрігерлердің біліктілігі жетпей жатады да, осы себептен маңызы жоқ инфекцияларды жылдар бойы емдеумен емделушілердің алтын уақыты ысырап болады.

Жалпы Бүкіл Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының қорытындысы бойынша, адам денсаулығына әсер ететін бірнеше факторлар бар. Онда 20 пайызында адамға туа біте берілген генетикалық ерешеліктері, 20 пайызында экологиялық факторлар, айналаның ластануы, 10 пайызы денсаулық сақтау саласына байланысты, ал 50 пайызында адамның өзінің өмір сүру салтына тікелей қатысы бар делінген. Яғни, адам өз денсаулығына бірінші өзі жауапты.

Мысалы, балалы болуды тек бедеулікпен кездескен жұптар ғана емес, табиғи жолмен балалы болу мүмкіндіктері бар ерлі-зайыптылар да алдын ала жоспарлауы қажет. Мұндай саналы қадамдар ана мен бала денсаулық көрсеткіштерінің жақсаруына апарады, өлім-жітім жағдайларының алдын алады. Бұл мәселеде де, өкінішке орай, өз және болашақ бала денсаулығына салғырт қараумен кездесіп жатамыз. Дәрігердің “Сізге қазіргі уақытта жүкті болуға болмайды” дегеніне құлақ аспай немесе мүлдем дәрігермен кеңеспей, нәтижесінде түрлі келеңсіз жәйттарға тап болатын аналар да аз емес. Әсіресе, мұндай мәселе Оңтүстік Қазақстан облысында жиі орын алып жатады.

Қазір онкологиялық аурулар да өте көп кездеседі. Оны алғашқы сатысында байқап, емдемесе, асқынып кетеді де адам өліміне алып келіп жатады. Ал уақытылы скринингтен өтсеңіз, оны бастапқы деңгейінде  анықтап, дер кезінде қажетті шара қолдануға болады. Қатерлі ісік ешқашан алдыңғы сатыларда белгі бермейді. Қазір жатыр мойынының қатерлі ісігі, сүт безінің қатерлі ісігі өте көп кездеседі. Сондықтан жылына кем дегенде бір рет, гинекологқа, маммологқа қаралу, уақытысында маммография өту, ер азаматтарға да андрологқа тексеріліп тұру керек. Жалпы, әр жасқа сәйкес міндетті түрде жылына 1 рет өтіп тұратын скринингтын ережелері бар, оны жергілікті мамандардан білуге болады.

Мысалы, Израиль мемлекеті кішкентай болғанымен, олар халқының сауаттылығымен, денсаулықтарының мықтылығымен мақтана алады. Өйткені, ол жердегі әрбір адам міндетті түрде жылына бір рет денсаулығын тексеріп отырады екен. Егер тексерген кезде  қатерлі ісік 1-см дан аз болып, жаңадан өсіп келе жатса, оны 100 пайыз емдеуге болады дейді мамандар. Бүгінде, сол мамандардың айтуынша, Израильде әрбір сегізінші әйелдің сүт безінде қатерлі ісік анықталады. Яғни, бұл дерт біздің мемлекетте де бар - деген сөз, бірақ бізде көпшілік асқынған кезде дәрігерге барады. Германияда 55 жасқа келген адам жылына бір рет ішегін тексеру керек екен. Ойланып қарасақ, ол адамның 20 минут уақытын ғана алады, оған қоса ол тегін қызмет. Бұған да өз отандастарымыз бара бермейді. Жасыратыны жоқ, өзім де кейде қорқақтаймын тексерілуге, айта бергеннен кейін, шынында тексерілу керек, деп ойланады екенсің. Ерте анықталған аурудың емі жеңілдеу болатынын ескергеніміз жөн екен.

Жақында ақпарат құралдарының айтуынша, Денсаулық сақтау Министрі Біртанов Елжан Амантайұлы - Егер уақытылы медициналық тексеруден өтпесеңіз, дерт сол себептен асқынған болса, онда емделушіге тегін қызмет етілмейді – деген еді. Бұл көзқарас адамның өз денсаулығына жауапкершілікті арттыру мақсатында екені анық. Өзімнің тәжірибемде де, 5-6 жыл бала көтермей жүрсе де, тексерілмей жүре беретін әйелдер кездеседі. Ал кейде керісінше, әйел үнемі тексеріліп, дер кезінде емделіп, өзінің де, жолдасының да денсаулығы жақсы болса да, бала көтере алмай жатады. Онда мұны психологиялық жағынан қарау керек. Мәселен, әйел «келін» болып бір үйге түседі. Бірден бала көтермейді. Кейде ол бірнеше жылдарға созылып кетеді. Мұндай кезде бетіне басып, ауыр сөздер айтылып, ажыратамыз – деп жататындар кездесіп жатады. Әйел депрессияда жүргеннен кейін, аналық ұрық дұрыс дамып шықпайды. Салдарынан жүктілік те болмайды. Кейде келген пациенттерді қарап отырсақ, тексеру нәтижелері жақсы, қауіпті инфекциясы жоқ, етеккірі де уақытылы келеді, жатыр түтікшелерінің де өткізгіштік қабілеті бұзылмаған. Бірақ жігері сондай басылып қалған, өмірдің мәнін жоғалтқандай күй кешеді. Ал ата-енесі, қайын апасы-сіңлісі бәрі соның өміріне араласып кетеді. Тек соның көтергенін күтіп жүреді. Үнемі жүктілікті күте бергеннен әйел психологиялық бедеулікке шалдығады, жүктілік сол себептен де болмайды. Бұл тек әйелі мен күйеуінің арасында ғана болатын мәселе болу керек. Соны отбасылар түсінсе екен деймін.

Тағы бір айтып кететін маңызды мәселе бар. Бізге ерлі-зайыптылардың көпшілігі келген кезде ДТҰ-ның  (ЭКО) не екенін түсіне бермейді. Мұндай жерге аяқ басып келген адам мына нәрсені жақсы түсініп келу керек. ДТҰ сізге бір циклда, яғни бір ДТҰ бағдарламасын өткенде, бала көтеруге тек 30-40 пайыз ғана мүмкіндік береді. Өйткені табиғи мүмкіндіктің өзі 1 айда 15-20 пайыз ғана, оны ел түсіне бермейді. Оған әйел және ер адамның ұрықтарының сапасы, әйел ағзасындағы мамандарға тәуелсіз өзгерістер және басқа да факторлар әсер етеді. Бірақ ең бастысы, ол Жаратушының әмірі екенін ұмытпауымыз керек. Бала жәйдан-жәй бола салмайтынын, оған біраз күш пен еңбек, сабырлық пен шыдамдылық керегін түсіну маңызды. “Қаншама ақша төлеп жатырмыз. Неге бала болмай жатыр?” - деген ұғым дұрыс емес. ДТҰ-ны жасауға негізі 300-500 мың теңгедей кетеді. Одан басқа қомақты қаражат қымбат дәрі-дәрімекке жаратылады. Оны біз арзан сатып ала алмаймыз. Ал адамдар “ДТҰ-ға миллион кетеді” - деп жар салып жатады. Оған кететін қаражаттың арзан-қымбаттылығы алынған дәрі-дәрмекке және технологияның қарапайым не күрделі технология қолданылғанына байланысты. Осының бәрін түсіндірумен біздің өте көп уақытымыз кетіп қалады. Дәрігердің жеке уақытын сыйлау керек, себебі оның жұмысы емделушінің денсаулық көрсеткіштерін, алдыңғы өткен емдерін сараптап, оң нәтижеге қол жеткізу үшін әрі қарай қандай қадамдар жасау керектігін ойлау.  Алайда көп жағдайларда біз емделушіге дәрігер де, психолог та, құрбысы да болып кетіп жатамыз.

Мысалы, Франция елінде ДТҰ жасату үшін жұп арнайы сұрақтарға жауап беру керек. Егер олар оның не екенін, қандай ерешеліктері бар екенін түсінбесе, пациенттерді емдеуге алмайды. Ал Татарстанда біз секілді орталықта кәдімгідей емтихан тапсырасыз. Берілген ақпаратты түсінбесеңіз, емге жіберілмейсіз. Ал бізде адамдар көбінесе ақпараттық дайындықсыз келеді, қанша түсіндіріп жатсаң да, бұл емделу әдісінің қыр-сырын толық түсініп жатпайды, емделудің оң-теріс жақтары,  мүмкіндіктері жазылған құжаттарға қол қояды, алайда ол жердегі мағлұматтарды толығымен саналы түрде қабылдамай емге кіріседі де, артынан у-шу шығарып, ренжіп жатады.

Екінші рет ДТҰ жасауға қаражаты болмағандықтан, көп пациенттер «квота» сұрап жиі келеді. Бірақ квота әлі де көп емес, өйткені мемлекет үшін де бұл қымбат технология. Биылғы жылға квотаны еліміз бойынша 950 адам ғана ала алады, оның өзінде тек жалпы денсаулығы жакқсы және репродуктивтік мүмкіндігі жоғары жұптарға беріледі. Қазір мемлекет «міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру»  бағдарламасын 2020 жылға дайындап жатыр. Бұл бедеу жұптарға үлкен көмек болайын деп тұр. Әрбір бала туа алмай жүрген әйелдің жылына 1-2 рет ДТҰ жасауға мүмкіндігі туады деп ойлаймыз. Көрші Ресейде бұл әдіс біраз жыл бұрын  енгізілген, оларда сондай мүмкіндіктер бар. Қазақстанда да бұл жүйе жұмыс істей бастағанда, халық саны едәуір көбейеді деген үлкен үмітіміз бар.

 

 

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы

әйелдер істері және отбасылық-демографиялық

саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясының мүшесі,

«Экомед» адам ұрпағын өрбіту клиникасының

ғылыми директоры, биология ғылымдарының докторы

Салтанат Берденқызы Байқошқарова

 

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз