KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Жайық қалашығы

Орал қаласының төрт ғасырдан астам тарихы бар. Кең пейілді ашық және қонақжай қала Жайық өзенінің бойында орналасқан. «Жайық» өзенінің атауына келетін болсақ, ол жалпы түркі тілдеріндегі «кеңінен жайылып ағатын» деген мағынаны білдіреді. Ежелден Еділ мен Жайықтың ортасы мен төңірегі көне қалалардан кенде болмаған. Сондықтан «Бұл өңірде ешқандай өркениет болмаған» деген пікірлердің негізсіз екенін бүгінде археология ғылымы дәлелдеп отыр. Шығыс пен Батысты жалғастырар ең қысқа жолдың нақ түйіскен жерінде орналасқан Орал қаласы Жайық өзенінің оң жақ жағасы мен Шаған өзені құйылысының сағасында негізі қаланған. Қала Жайық қалашығы деп аталған. Музей қорында ежелгі қала орнынан табылған заттар: тас кірпіштер, шығыр құмыралар бар. Бұл заттарды зерделей келе, ғалымдар шартты түрде «Жайық қалашығы» деп аталатын көне қорымда орта ғасырларда шамаман 2,5-3 мың адам өмір сүргенін айтып отыр.
Мәдениет
2018-04-03

Қала Алтын Орда мемлекетінің тұсында әкімшілік және сауда орталығы болған. Қалада монша, базар және некрополь салынған. Әсіресе, керемет кесене болғаны анықталып отыр. Ол өзінің сәулеті жөнінен Ұлытау аймағындағы аты әйгілі Жошы ханның кесенесіне ұқсас болса керек. Алтын Орда құлағаннан кейін ЖАЙЫҚ ҚАЛАШЫҒЫНЫҢ ДА ҚУАТЫ КЕМИ БАСТАҒАН. КҮШТІ МЕМЛЕКЕТ ЖОҒАЛҒАН СОҢ, ҚАЛА ҮСТІНЕН ӨТЕТІН КЕРУЕНДЕР ДЕ СИРЕГЕН. ҒАЛЫМДАРДЫҢ ПІКІРІНШЕ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ҚАЛАНЫҢ ҚҰРЫП КЕТУІНІҢ ДӘЛ СЕБЕБІН ТАП БАСЫП АЙТУ ҚИЫН.

ХІІІ-ХҮ ғасырлар қалашығы. Орал қаласынан 12 км жерде орналасқан. 2001 жылы «Ақсай - Үлкен Шаған - Атырау» құбыржелісі бойын тексеру барысыда табылды. 2005 жылы қалашыққа «Жайық» атауы берілді. Енді, осы археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан қала туралы тарихи жазба деректер бар ма? Бұл үшін алдымен XIV-XV ғғ. тиісті картографиялық материалдарды қарағанымыз мақұл. Алтын Орда мемлекеті туралы жанжақты мағлұмат беретін 1367 ж. ағайынды итальяндық көпестер Франциско және Доменико Пицигани жасаған картасы біздің ескерткішімізге қатысты өте бағалы мағлұмат береді. Бұл деректе «Лаэти»дің (Еділ мен Жайықтың ортасында, Каспийдің жағасында орналасқан қала) шығысында жазумен және бір қала көрсетілген. Ол жерден солтүстікке екінші мекен орынның мұнарасында жалауы желбіреген бекініс-қамал белгіленген. Өкінішке орай бұл мекеннің аты жазылмаған. Біріншіден – қазіргі Орал мен Атырау қалаларының арасында Сарайшықтан басқа ірі ескерткіш әлі табылған жоқ, ал біздің Жайық қалашығы дәл осы орталықта жайласқан. Екінші – жоғарыда атап кеткеніміздей, Жайық қалашығы аумағынан бірнеше құрылыс материалдарын өндіретін нысаналар табылды, егер қала құрылысына құрылыс материалдары қажет болмаса бұндай нысаналар салынбайтын еді, бұл экономиканың заңы. Сондай-ақ, және бір дәлел ретінде тарихи деректі айтып өтсек болады. 1562 ж. ағылшын капитаны Антони Дженкинсон Мәскеуден Үргеніш қаласына дейін сауда мақсатында сапарға барған. Бұл сапарынан соң ол жүріп өткен жерлерін картаға түсірген. Оның жасаған картасынан Сарайшықтан жоғарыда кішкене белгімен Жайық өзенінің оң жағында – Шакафни (Shakafni) атымен қала берілген. Бұл деректе жазылған қаланың аты бізің ескерткішімізге тиісті деген болжам жасауға болады. Дженкинсон өзі жүріп өткен жерлердің аттарын жергілікті адамдардан жазып алған. Бұл жерде аудармашының қателігі немесе жазып алған кезде ағылшын транскрипциясында қала атауы бұрмаланып берілген болуы ықтимал, мұндай құбылыс тарихта өте көп кездеседі. Мүмкін Шакафни жергілікті халық арасында сол кезде Шаған деп аталуы мүмкін. Ең қызықтысы Шаган (Чаган) деп Жайық өзенінің бір саласы осы күнге дейін аталады.

ҚАЛАШЫҚ АШЫЛҒАН ЖЫЛДАРЫ, ЯҒНИ 2002-2005 ЖЫЛДАРЫ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ Ә.МАРҒҰЛАН АТЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫ, ТАРИХ ЖӘНЕ АРХЕОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҒАЛЫМДАРЫМЕН БІРЛЕСЕ ОТЫРЫП ЖҮРГІЗІЛДІ. Қалашық аймағында бірнеші тұрғын, қоғамдық және шаруашылық нысандары болғандығы анықталды. Бұлар - кірпіш күйдіргіш пештер, монша, тұрғын үй-жайы, кесене.

Кірпіш күйдіретін пеш. Пеш қалдығының орнын қазу шұңқырының көлемі 10х10м. Тазарту жұмыстарынан соң, тік бұрыш пішінді кірпіш күйдіргіш жағу камерасы сақталғаны айқын болды. Пештің ішкі көлемдері: ұзындығы 490 см, ені 325 см, биіктігі 180 см. Қабырғалары саз балшықты кірпіштен тұрғызылған. Кірпіш көлемдері: 30х30х8 см. Осындай кірпіш күйдіретін қондырғылар Еділ маңы және Орал аймағындағы алтынорда қалаларына Орта Азиядан келген болатын. Сонымен қатар, өзге де құрлыс технологиялары, әдет-ғұрыптар, жаңа кезең бойы барлық аймақтарға еніп, таралды. Пеш - кірпіштерді, жылтыр тақтамаларды, үлкен ыдыстарды (хумдар) күйдіруге арналған.

ЖАЛПЫ ХАЛЫҚ ТҰТЫНАТЫН ҚҰРЛЫСТЫҢ БІРІ - «ШЫҒЫС МОНШАСЫ - ХАММАМ», БОЛҒАН, ОЛ ҚАЛА ОРТАСЫНДА ОРНАЛАСҚАН. МОНША ҚАЛДЫҒЫ ҚАЗІРГІ ТАҢДАҒЫ ЖЕР ДЕҢГЕЙІНЕН 1,5-1,7 М ТЕРЕҢДІКТЕН ТАБЫЛДЫ.

«Кіші тұрғын-жай» мекенінің орнын тазалау жұмыстарынан соң, үй-жайды былайша суреттеуге болады. Үй-жайдың адамдар тұруға арналған бөлігі өз алдына бөлек құрлыс түрінде, жобасына қарай 2 бірдей бөлмеден тұрады, бөлмелер бір-бірінен күрделі қабырғалармен бөлінген (қабырға қалыңдығы 0,8 м) Мекен-жайдың шығу есігі - солтүстік қабырғада орналасқан. Орталық қабырғаны бойлай орналасқан есіктер арқылы тұрғын бөлмелерге өтуге болады. Бөлмелер жылытылған. Тұрғын бөлмелердің айналасында қосымша шағын бөлмелер орналасқан, олар заттар қоятын бөлмелер, қоймалар болғаны айқын. Мекен-жайдың ауқымды ауласы және аула ішінде шаруашылыққа арналған жайлар орналасқан.

Қалашықтан 1,5 км жерде кесене бар. Анағұрлым танымал ескерткіштер - екі кесене. Біріншісі- екі камералы немесе «кіші» кесене жоғарғы тап өкіліне тән. Құрлыс және қаптау материалдары жергілікті жерде өндірілген. ХІІІ-ХІҮ ғасырлардағы барлық алтынорда құрлыстарына тән төрт бұрыш пішінді, күйдірілген, 24х24х5 см өлшемді кірпіштерден қаланған.

2002-2003 жылдары екінші «Үлкен кесене» қазылды. Кесене екікамералы қарсы бағытты жазық-ості жоба түрінде және мөлшері де қомақты-12,85х19,5 м. Кесене үстінде, көлемдері әртүрлі күмбез болғанға ұқсайды, олардың өзіндік табандарға және өтпелі қондырғыларға орнатылған. Күмбездер көк жылтыр қаптамалармен көмкерілген. Кесененің алдыңғы беті орталық кең қуысты монументальды портал түрінде дайындалған.

Кесененің ішкі бөлігі алтын жалатылған көк түсті қаптамамен,полихромды жазбамен безендірілген. Бірінші бөлменің көлемі 4,4х4,4 м. Асылы, бұл жерде көбіне Құран сүрелері оқылған болуы керек. Негізгі бөлмеде 11 жерлеу орыны табылды, олардың көлемі 8,8х8,8 м.

2012 жылы археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде кірпіш пен әк тас күйдіретін пештердің қалдықтары табылып зерттелді. Пештің сақталған көлемдері: ұзындығы 476 см, ені 360 см, биіктігі 120-150 см. Қабырғалары кірпіштен тұрғызылған. Кірпіштердің көлемдері: 30х25х6; 30х30х6 см. Осындай кірпіш күйдіретін қондырғылар Еділ маңы және Жайық өңіріндегі Алтын Орда дәуіріне тиісті қалаларына Орта Азиядан келгендігін ғылымдар тұжырымдайды. Кірпіш күйдіретін пештен батыс бағытта 50 метр-дей жерде әк-тас күйдіретін пештің қалдығы табылды. Жайық пеші цилиндр пішінді болып, 250 см-лік тереңдегі шұңқырға кірпіштерден тіктелген. Қазіргі таңда 13 қатар кірпіш сақталған.

АРХЕОЛОГТАРДЫҢ ПІКІРІ БОЙЫНША, «ЖАЙЫҚ» ҚАЛАШЫҒЫ ҚАЗІРГІ ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ АРҒЫ ШЫҚҚАН ТЕГІ БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ. «ЖАЙЫҚ» ҚАЛАШЫҒЫНЫҢ ТАБЫЛУЫ, ОСЫ АЙМАҚТА Х ҒАСЫРДАН БАСТАП ҚАЛА МӘДЕНИЕТІНІҢ ПАЙДА БОЛҒАНДЫҒЫН, ОРТАҒАСЫР АВТОРЛАРЫНЫҢ ЖӘНЕ ХХ ҒАСЫР ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ЕҢБЕКТЕРІ ДӘЛЕЛДЕЙДІ. СОНДЫҚТАН ДА, АТАЛҒАН ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТІҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ СОНДА, БІЗДІҢ АЙМАҚТА ЯЙЦК ҚАЛАШЫҒЫНАН ДА КӨНЕ ҚАЛА БОЛҒАНДЫҒЫНЫҢ ТІКЕЛЕЙ ДӘЛЕЛІ.

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз