Ұлы іс отбасынан басталады
Баланы жас кезінен кітапты құрметтеуге және оны күтіп ұстауға баулыған жөн. Немістің ұлы ақыны Гете: «Көкірегі ашық адам оқи білуді үйренудің қаншалықты қиын екенін біледі, мен бұған сексен жыл өмірімді арнадым, бірақ әлі кітап оқуды толық үйрендім деп айта алмаймын» деген екен.
Балаға кітап оқуды үйретудің алғышарттары:
1. Кітаптың құдіретін ұғындыру. Оны жыртпауға, тік отырып оқуға үйрету. Авторының кім, не жайында, қай жылы, қайдан шыққаны туралы білуі шарт.
2. Кітапты түсінбей құр оқудан сақтандыру керек, талғап оқуға, оған көзқарасын білдіре алуға, қысқаша фабула жазуға үйрету. (Фабула - баяндалатын оқиғалар желісінің қысқаша мазмұны)
3. Оқыған кітабының ішінде түсінбеген сөзді не мақал - мәтелдерді, не дәйексөздерді теріп жазып алуға арнайы дәптер арнау керек. Осыдан келіп ол баланың еңбек етуге құлшынысы туады, зейіні артады, талғамы өседі, көп оқуға тырысады, сөздік қоры молаяды. Кітап оқуға қызығушылық ерте балалық жастан қаланады.
«Өзіңді - өзің тану үшін кітап керек, өзгені тану үшін де кітап керек» депті атақты авар ақыны Р. Гамзатов. Адам айнаға қарап, бет - жүзіндегі өзгерістерді көретіні сияқты кітап арқылы да жаңа әлемді таниды. Басқа бір елдің, қоғамдық міндетін, тілін, дінін, тұрмысын, салт - дәстүрін біледі.
Бүгінгі таңда жас ұрпаққа берілер білім мен тәрбиенің сапалы болуы бірінші кезекте тұрғаны анық. Осыған орай, еліміздегі бірден - бір рухани қазына ордасы – мектеп кітапханасы. Мектеп кітапханасы – кітап арқылы оқушылардың жан - жақты білім алуымен қатар, патриоттық рухта тәрбиеленуіне, саяси сапасын қалыптастырып, ғылыми, кәсіби, мәдени дәрежесінің дамуына әсер ететін бірден - бір әлеуметтік орын. Кітапханаға оқушылар келіп, қажетті әдебиеттерін жазғызып алып отырады, білімдерін толықтырады. Оқушының ойлау қабілетін қалай дамытуға болады? Оқушылардың білімге қызығушылығын оятуға не әсер етеді? Осы сұрақтарға тек педагогтар ғана емес, сонымен қатар кітапханашылар да ойлануда.
Жастардың рухани дүниесіне де көп көңіл бөліп, көркем әдебиеттерге деген қажеттілікті арттырып, оқуға ынталандыруымыз керек, кітап оқуды насихаттау үшін жоғарғы деңгейде кітапханалық сабақтар, кездесулер ұйымдастырып, оқырмандар сусындайтындай, ой - пікір туғызатындай етіп өткізу. Кітапхананы шынайы мәдениет ошағына айналдыру. Сондықтан мәдени ошақтарды жандандыру, оның ішінде балаларға қызмет көрсететін мектеп кітапханаларының деңгейін көтеру, дәстүрімізді сақтай отырып, өскелең ұрпақтың білімін, рухани байлығын арттыру, тиімді ақпаратпен қамтамасыз ету - өз қолымызда.
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз