Ұлы іс отбасынан басталады
Кешірімді болу – қоғамдағы азаматтардың болашағына сенім артып, оның саналы түрде тәлім-тәрбие алуына қамқорлық көрсетудің көрінісі.
Лұқпан Хакімнің ұлына: «Екі нәрсені ұмыт: біреуге жасаған жақсылығыңды ұмыт, біреудің саған жасаған жамандығын ұмыт»- деп тапсыруы осы кешірімділікке жетудің кілтін ұсынуы. Жақсылығыңа қарымта дәметсең - арты ренішке соғуы мүмкін.
Күнделікті өмірде көп нәрсені байқамайсың, қадірін біліп, бағалай жатасың. Өмірде өз ойлағанымыздай болмай қателесіп жатсақ, көрінбей кінәліні іздейміз. Өзгелерге кінә қойып, өкпе-реніш танытамыз.
Қателеспейтін адам болмайды, сондықтан кешіре де білу керек. Ал еске сақтау адамдарға деген жек көрушілік, сенімсіздік туғызып, жағдайды ушықтырып жібереді. Өзгелерге деген өкпе, реніш, ашу адам өмірін қызықсыз етіп, өзін бақытсыз сезінтіп, денсаулығын нашарлатады. Кешірімді болмай өз жан дүниемізді қинап, өзімізге зиян келтіреміз. Ал өзгелерді кешірген кезде, бойымыз жеңілдеп, сол адамға жақсылық жасағандай боламыз.
Алайда біреуді кешіру-ең алдымен өзімізге жасалған жақсылық екенін түсінгеніміз абзал. Ең бастысы, айналаңа жақсы ниетпен қарап, жақсы көрсең, олардың қателігін кешіре де аласың. Басқаларды жақсы көру үшін өзіңді өзің сыйлап, жақсы көруің керек. Ал өзін жақсы көретін, сыйлайтын адам, өз жан дүниесін жаман сезімдермен ластап, ауырлатпайды.
Біз барлығына кешіріммен, сыйластықпен, түсіністікпен, сергектікпен қарауға тиіспіз. Өйткені, өмір сондай тамаша, біз алға қарай тек қана адал ниет, ізгі істермен жүрсек, игілікке жетеміз.
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз