KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Үлкен Алматы көлі

Мемлекет басшысы отансүйгіштік сезімнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын атап айтты.
Мәдениет
2018-09-12

Батырлар мен ақындар бірі найзамен, бірі жырмен қорғап қалған ұлан байтақ даланың қазіргі иесі ретінде, әрбір Қазақстан азаматы өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқару керек. «Туған жер» бағдарламасының жаппай халық арасында үлкен күшке ие болуы, жастардың бойына патриоттық тәрбие ұялату – үлкен міндет болып отыр.

Алтайдан Атырауға, Қызылжардан Жетісуға дейін созылып жатқан еліміздің көз тоймас көрікті жерлері жетерлік. Исі аңқыған гүлдерге толы құлпырған жазық дала мен биіктігі аспанмен тілдесетін таулар әрдайым жұртшылық қызығушылын арттырып келе жатқандығы көңіл қуантады. Сондай таңғажайып, әсем жердің бірі – Алматы қаласынан 30 шақырым қашықтықта орын алған Үлкен Алматы көлі.

Тектоникалық құбылыстардың нәтижесінде пайда болған көлдің ұзындығы 1,6 км, жағалау жиегі 3 км, орташа тереңдігі 30-40 м, су массасының көлемі 14 млн. м3. Іле-Алатауында 2511 метр биіктікте тауда орналасқан. Бір ғажабы көл өзінің түсін жыл мерзіміне қарай ашық жасыл түстен көгілдір ашық түске өзгертіп тұрады.

Үлкен Алматы көлінің сол жағында үш биік шыңды аңғаруға болады: Ең биік Қаныш Сәтбаев шыңы (бұрынғы Кеңес шыңы) – 4317 м, одан кейін Көл шыңы – 4110 м және Турист шыңы – 3954 м құрайды.

Көл суының сапасы өте жақсы. Үлкен Алматы деп аталу себебі көлдің үлкендігінен емес, шатқалдың үлкендігіне байланысты қойылған.

Бұл жерге суға шомылмақ түгілі жақын келуге тыйым салынған. Өйткені, ерекше қорғаудағы бұл объект  Алматы қаласын сумен қамтамасыз ету үшін пайдаланылады.

Көлдің аумағында:

Мәдени және тарихи ескерткіштерді, табиғат нысандарын бүлдіруге, жоюға;

Су айдындары мен топырақты ластауға;

Осы жерден тысқары аумақта алау жағуға;

Аумақты тұрмыс қалдықтарымен ластауға;

Әдемі гүлдерді және дәрілік шөптерді жинауға;

Жеміс-жидектерді, саңырауқұлақтарды рұқсатсыз жинауға;

Арнайы бөлінген жерден тысқары орынға туристік тұрақ құруға:

Ағаштар мен тастарға жазу жазуға;

Рұқсатсыз ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге;

Автокөлікпен жолсыз жерлермен жүруге тыйым салынады.

Осы маңда Тянь-Шань астрономиялық обсерваториясы бар мұзды алқапта орналасқан ауылды да естен шығаруға болмас. Ол көлден 2 км қашықтықта және 2700 м биіктікте орналасқан. 

Одан сәл жоғарыда 3300 м биіктікте Космос сәулелерін зерттеу станциясы бар.

Үлкен Алматы көлінен 3 шақырымдай жерде шатқалда Аюсай өзенінің сағасы жатыр. Бұл жерден биіктігі шамамен 5 м болатындай  сарқырама көзге шалынады. Бұрын қазіргісінен екі есе биік сарқырама болған екен. Бірақ өткен ғасырдың 60 жылдары жартас опырыла құлаған соң биіктігі әлдеқайда азайған.

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз