Ұлы іс отбасынан басталады
Республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атану оңай емес. Үлкен байқауда топты жарып шыққан Сіздердің отбасыларыңыздың ерекшелігі неде?
Елбасымыздың Отбасы күніне арналған «Мерейлі отбасы» байқауына бел шешіп қатыстық. «Отан отбасынан басталады» дейді. Қазақта мақал бар: «Ырыс қайда барасың, ынтымағы жарасқан үйге барамын» демекші, көп жанұялы болсақ та, бір-бірімізбен ынтымағымыз жарасып, үлкен-кішіні сыйлап, адал болып, мейірімді болып, ұрпағымызға тәлім-тәрбие көрсетіп, келіндеріміздің көңілін қалдырмай отырғанымыз сыйластығымыздың арқасы деп білеміз. Жұбайым Баян екеуміз бір ауылдың тумасымыз, бір-бірімізді сүйе біліп, қадірлей біліп, отау құрдық. 12 бала өсіріп, одан 33 немере, 20 шөбере сүйіп отырған жайымыз бар. Балаларымыз білім және құқық қорғау саласында абыройлы еңбек атқарып келеді. Әулетіміз ауданға, облысқа танымал, қоғамдық жұмыстар мен ауданның мәдени-көпшілік барлық шараларында белсенділік танытады. Отбасылық ұстаным – халыққа қалтқысыз қызмет ету. Немерелеріміз де ата-ана, ата-әже жолын қуып, ұстаздық мамандықты таңдауға бет бұрып жүр. Немерелеріміз – облыстық «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» түлегі, облыстық ерекше дарынды балаларға арналған мектеп-интернат түлектері. Болашақта ұстаздар династиясын өсіріп, халыққа таныламыз» дейді. Бұл Алланың бізге берген сыйы деп түсінеміз.
Осындай өнегелі ұрпақ өсіріп отырған Сіздердің ең алғашқы қадамдарыңыз оңайға соқпағаны анық. Ол кезде соғыстан кейінгі, күрделі бір кезеңдер еді. Сол қиындыққа қарамай, мойымай отбасы құндылығын жоғары қойдыңыздар. Баян апай Сіздің енеңіз болды ма, бала тәрбиесіне көмектесті ме ?
Өмен ақсақал: «Әрине, ол бір қиын кезеңдер өтті ғой. Соғыс та, ашаршылық та, әкеден ерте айырылдым, қарындасым мен інім де бақилық болып кетті. Мен атам мен әжемнің және анамның жанында жалғыз қалғандықтан, ерте есейіп, колхоздың жұмысына ерте араласып кеттім. Өзім жалғыз болғандықтан, үрім-бұтағымды көбейтейін деген ниетімді Алла қабыл етті».
Баян апа: «Екі ененің тәрбиесін көрдім. Өте жақсы, кең кісілер еді. Екеуі бала тәрбиесіне қатты көмектесті. Ол кісілерге алғысым шексіз. Балам дүниеге келген соң, екі айдан кейін бірден жұмысқа шығып отырдым. «Қызым, сен жұмысыңнан қалма, баланы біз өзіміз қараймыз» деп отыратын еді.
Осы «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанған сәтте қандай көңіл-күйде болдыңыз?
Елбасымыздың қамқорлығының арқасында, бас жүлде иегері атанған сәтте, көліктің кілтін табыстағанд, қуанғанымнан көзімнен жас шығып кетті. Тіпті, қуанғаннан Гүлшара Наушақызына рақметімді айта беріппін ғой. Еңбегімнің жемісін көрген деген осы екен, еленгенімді сонда білдім.
Қоғамда болып жатқан ажырасу, келеңсіз бір жайттарды көргенде қайтесіз, қандай кеңес берер едіңіз?
«Бес саусақ бірдей емес» дегендей, ауылымызда теріс бағытқа бара жатқан адам, отбасы көрсем, онда үйлеріне барып ақыл кеңесімді беріп тұрамын. Себебі, мен Ауыл ақсақалдары алқасының төрағасымын. Әрбір адам өзінің отбасын сақтап, ынтымақты болса, ұрыс-керіссіз, көршілерімен қарым-қатынасы жақсы болса, үлкен-кішіні сыйлай білсе, ол отбасы еліміздің басты құндылығы болып есептелетіні сөзсіз.
Бала тәрбиесін қалай бөлістіңіздер?
Әрине, үйде аналары мен апалары қараса, мен сыртта қамқор болуға тырыстым. Бала тәрбиесіне мен қатты қарадым. Ал, немере-шөберелеріме келсек, әрқайсысының әке-шешелері қадағалап қараса да, біз өз тәрбиемізді өзімізше қадағалап беріп отырамыз, кемшілігі болса, ескертіп айтып отырамыз.
Балаларыңыздың мамандық таңдауында қандай рөл атқардыңыз?
Мамандық таңдауында, болашаққа бағдар алуда өздеріне көп ерік бердім, дегенмен оған қарамастан бағыт-бағдарды өзім білдіртпей беріп отырдым. Ал, немерелерімнің әке-шешелері менімен бірінші ақылдасып алады. Содан кейін бірлесіп отырып бағыттаймыз. Мамандық таңдау, әрине әр адам өзі таңдау керек. Себебі, ол сол мамандықтың иесі.
Баян апай екеуіңіз қалай таныстыңыздар?
Екеуіміз бір мектепте оқыдық, бір-бірімізді біліп, сүйіп қосылдық. Міне, отау тіккенімізге 63 жыл болды. Әрине, ыдыс-аяқ сылдырламады деп айтуға болмайды, оған біз үнемі кешіріммен қарадық. Біреуіміз ашуланғанда, екіншіміз басу айттық. Осындай дәрежеге отбасымыздың амандығының арқасында, сыйластықтың арқасында жеттік. Би түсетін үй болдық, шүкір.
Баян апамызға 8 наурызда, басқа да мерекелерде сыйлық жасайсыз ба?
Міндетті түрде. Ол бір қымбат болмаса да, біз үшін баға жетпес сәттер ғой. Дастарханымызды жайып, көрші-қолаң, бала-шағамыздың арасында өткіземіз.
«Отбасы құндылығын» қалай түсінесіз?
«Отбасы құндылығы» дегеніміз ол, балаларымыздың амандығы, немере-шөберелеріміздің аман-есен өсіп келе жатқаны, олардың тату-тәтті тұруы. Қызметтеріне адал болуы, осының бәрі бір мәртебе, – деп әңгімесін аяқтаған ақсақалдың ойын әрі қарай осы отбасының келіні Манат жалғастырды: - «Менің келін болып келгеніме 26 жыл болыпты. Содан бері осы шаңырақта ата-енеммен тұрамын. Мен ауылдың өмірін білмей өскен едім, ауылға келін болып түскеннен кейін, көп нәрсеге үйрену керек болды, сол кезде мамам маған көп нәрсе үйретті. Мен жақсы ене мектебінен өттім. Ал , мамандығым инженер еді, ауылда менің мамандығыммен жұмыс болмаған соң, мен де ата жолын қуып, мұғалім-географ болдым. Осы отбасына келгеніме мен қуанамын», – деп әңгімесін аяқтады. Осындай қара шаңыраққа айналған бұл отбасына біз де «Отбасым» журналының редакциясы атынан сәттілік тіледік.
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз