Ұлы іс отбасынан басталады
Жылдан-жылға әдемі жалғасын тауып, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биылғы жылы да іс-шараны ашқан Мемлекеттік хатшы әрі Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Г.Н. Әбдіқалықова рәсімге қатысушыларға Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді. Онда отбасы институтын нығайту тәуелсіздік жылдары мемлекетіміздің әлеуметтік саясатына айналғаны айтылған. Бұл бағытта маңызды шешімдер қабылданды. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» сияқты жалпыұлттық жобалар қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға, отбасыға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған.
Отансүйгіштік, еңбекқорлық, мейірімділік пен қайырымдылық сияқты рухани құндылықтарды бойына сіңірген отбасылар конкурстың жеңімпаздары болып саналады. Салтанатты іс-шара аясында Мемлекеттік хатшы ақтық кезеңге өткен әрбір отбасыға диплом мен бағалы сыйлықтар тапсырды.
Конкурстың соңғы кезеңінің қорытындысы бойынша жеңімпаз отбасы 31 тамыз бен 7
қыркүйек аралығында өткен sms/интернет арқылы дауыс беру нәтижесінде анықталды. Жамбыл облысынан қатысқан Ниязқұловтар әулеті «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының 2018 жылғы лауреаты атанды. Отағасы Ниязқұлов Өмен (83 жаста) 40 жылдан астам уақыт ауыл мектебінде мұғалім, директор қызметтерін атқарған. Зайыбы Ниязқұлова Баян (80 жаста) 26 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. Аға буынның педагогикалық қызметін балалары мен немерелері жалғастыруда. Әулеттің 3 буынының жалпы педагогикалық өтілі – 198 жыл. Ерлі-зайыптылар 63 жыл бірге өмір сүріп келеді, 12 бала, 32 немере, 20 шөбере тәрбиелеп, өсіріп отыр.
Г.Н. Әбдіқалықова жеңімпаз отбасыға салтанатты түрде естелік мүсінше мен автокөлік кілтін табыс етті. Марапаттау рәсімі қазақстандық танымал эстрада әртістерінің мерекелік концертімен аяқталды.
Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына өңірімізден 361 отбасы қатысты. Әрбір отбасы – көпке үлгі болған елге сыйлы әулеттер. Аймақтық кезеңнің ақтық сынына жолдама алған 12 отбасының барлығы сый-құрметке бөленген болатын. Биылғы жылы алғаш рет Астана қаласының 20 жылдығына және «Мерейлі отбасы» ұлттық республикалық конкурсына 5 жыл толуына орай, Елбасының бастамасымен гран приден бөлек 2 отбасыға дипломант атағы берілді. Соның бірі Қызылорда облысынан Ишанқұловтар отбасы «Мерейлі отбасы» республикалық конкурсының дипломанты атанды. Екінші отбасы – ақтөбелік Айтбаевтар отбасы.
Отбасы – мемлекетті құратын қоғамның бөлшегі. Егер отбасында бірлік, жақсы тәрбие, білім, мәдениет, отанына деген сүйіспеншілік болса, тұтас мемлекет те сондай болады. Сол себепті елімізде осындай мерейі тасыған отбасылар көбейе берсін демекпіз.
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз