Ұлы іс отбасынан басталады
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық турының бас жүлде иегері атанып, Республикалық байқауға жеткен бұл отбасы жайлы жаза берсең, том-том кітап шығады-ау. Отбасының үлкен немересі Димаштың өзі бір үлкен тұлғаға айналғанын баршамыз білеміз. «Otbasym.kz» оқырмандары назарына осы бір керемет отбасының келіні, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, бақытты Ана, аяулы жар, қазақ атын миллиардтар еліне танытқан Димаштың анасы Света Айтбаевамен сұхбатты ұсынғанды жөн көрдік.
Света ханым, сіздердің Отбасыларыңызды құттықтай отырып, келін боп түскен әулетіңіз туралы айтып берсеңіз. Ата-енеңіз өнеріңізді қалай қабылдады?
Қанат үйінде жалғыз ұл. Гүлзира деген апасы, Нұргүл деген қарындасы бар. Екеуі де мұғалім. Мен жалғыз келіндерімін. Ата-енем сол өмір бойы ұстаздық қызмет атқарған кісілер. Димаш өмірге келгенде енем 47 жаста екен. Димашты бағам деп, мектептегі соңғы қоңырауын соғып, жұмыстан шығып кетті. Ол кезде ауылда тұратын. Баланы төстен айырмас үшін, атам екеуі қалаға көшті. Қазір енді Астанада, Димаштың қасында тұрады.
«Өмір бойы Димаш қайда барса, сонда жүрміз» деп өздері күледі.
Жақсы жерге келін боп түстім. Өте жақсы кісілер. Тұрмысқа шыққанда бар-жоғы 20 жастамын. Бала жыласа ұйқымды қимай, қиналып отырғанда енем: «қазір кішкене шыдай тұр, баланы тамақтандырып берші, сосын ұйықтайсың» деп қасымда отыратын. Баланы емізіп берген соң, өзімен бірге алып кетеді. Осы уақытқа дейін арамызда ешқандай кикілжің болмапты. «Қалай енеңмен ым-жымдарың бір» деп бәрі күледі. Өнерге, ән айтуыма еш қарсылықтары болмады. Қоғамдық жұмыс, концерт, гастроль деп сыртта жүргенде, балаларды сабаққа апарып-әкеліп, тамақтарын беріп, бар жағдайларын жасап отырады. Үйге алаңдамай, емін-еркін қызметімізді жасап жүрміз.
«Келін ененің топырағынан жаралады» дейді. Рас па?
Рас. Жалпы қазақта «Жақсы жерге түскен келін – келін, жаман жерге түскен келін – келсап» деген де сөз бар ғой. Мен – бақытты келінмін. Жиырма жасымда келін боп түстім, енемнен көп нәрсе үйрендім. Әлі күнге дейін үйреніп келе жатырмын.
Ата-енемен тұрған, әсіресе, өнер адамына қиын емес пе?
Жоқ, керісінше, өте оңды. Себебі, балаларға алаңдамаймыз. Гастрольдік сапарларға еркін кетіп, қызметімізді алаңсыз атқарамыз. Балалар тәрбиесінде атам мен апамның еңбегі ерен.
Бұрын жұрт Димашты Қанат пен Света Айтбаевтардың перзенті ретінде танитын. Енді сіздерді Димаштың әке-шешесі деп атай бастапты. Бұған қалай қарайсыздар?
(Күліп) Үйреніп келеміз. Димаш негізі ата-енемнің баласы ғой. Бізге телініп жүргені беріде ғана. Әйтпесе үш айлығынан сол кісілердің қолында болды. Студент болдық, жас едік, сол кезде ұйқылары қансын, қатарларынан қалмасын деп өздері бағып-қақты. Соның арқасында кішкентайынан мейірімге қанып, бауырмал боп өсті. Әлі күнге дейін ол кісілерді папа-мама, ал бізді «ағатай», «Света апа» дейді.
Енді қара танып жүрген кезінде бір қызық болған. Қолына өзінің туу туралы куәлігі түскен Димаш ондағы «Қанатұлы» деген жазуды көріп, боз-боран болып жыласын кеп. Тіпті жыртып тастамақ болды. Сосын папа-мамасы: «Бізге үлкен кісілер деп сенбегесін, уақытша осылардың аты-жөнін жаздырғанбыз…» – деп әрең көндірді.
Әдетте жас келіндер баласын ата-енесіне бергісі келмейді ғой. Сізде ондай сезім болған жоқ па?
Жоқ. Өйткені мен де ата-әжемнің қолында өстім. Бес қыздан соң туған атамның есімін әке-шешесі «Әй, бір жеттік-ау…» деп Жетеш қойған екен. Сол Жетеш пен Зояның қызы болып өстім. Зоя әжем әңгімесін төрде ілулі тұрған енесінің суретіне қарап қойып, абайлап айтатын. Артық кетіп бара жатса: «Қой, әжем қарап тұр…» — деп тыйыла қалатын. Енесін ерінің ыңғайымен әже деген ғой. Сондай тәрбиені көріп өскен мен баланы ата-енеме беруді қалыпты жағдай ретінде қабылдадым. Жалпы Димаш қана емес, одан кейінгі Раушан мен Әбілмансұр да ата-әжесінің бауырында өсті.
Сол Димаштың соңынан ерген бауырлары жайлы айтсаңыз?
Димаштан кейін Раушан атты қызымыз Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды, Әбілмансұр деген кенжеміз бар. Екеуі де ән салып, домбыра тартады. Димашты «көке» дейді. Әбілмансұр көкесінің ізін басып келе жатыр.
Димаштың небәрі 22 жасында біраз жетістіктерге жетуіне анасы себепкер дейді. Талапшыл, қатал болғаныңыз ба?
Кішкентай кезінде талап қойдық, қарадық, қадағаладық. Колледжде оқығанда мұғалімдерінен сабақ үлгерімін сұрап отыратынмын. Тым қатал болған жоқпын, бірақ балаларды бос жүргізбедім.
Димаштың төлқұжат бойынша есімі «Дінмұхаммед» емес пе? Димаш өмірге келмей тұрып аян берілген дейді?
Ол рас. Бала дүниеге келер алдында атамыздың досының әжесі түсінде «мынау ұл бала, атын «Мұхаммед» деп қойыңдар деп аян берілгенін айтады. Өзі 90-нан асқан кейуана. Сөзін жерге тастамасақ та, әкесі «Мұхаммед» пайғамбар аты, салмағы ауыр, ертең достары «Муха» деп айтуы мүмкін, алдына «Дін» сөзін қосайық. Дінмұхамедтей ұлы тұлға болсын, әрі «Димаш» деп айтуға ыңғайлы», – деді. Бәріміз бұл шешімге қуанып, мәре-сәре болғанбыз.
2000 жылдардан бергі уақытта «Қанат және Света Айтбаевтар» деген дуэт халықтың көзайымына айналды. Қазір неге көрінбей кеттіңіздер?
Қазақ сахнасындағы алғашқы дуэттердің бірі болдық. Алматыға жиі шақыратын. «Тамаша» ойын-сауық отауының төрінде біраз өнер көрсеттік. Барлық концертте бізді «Ақтөбеден келген» деп арнайы хабарлайтын. Танылдық, еңбегіміз еленді. Сонда да түп-тамырымыздан ажырамадық. Бұл жерде де өнерді бағалайтын халық бар, өнерді дамытуға болатын орта бар деп Ақтөбеде қалуды ұйғардық. Алдымен елге қызмет етейік деп шештік. Содан бері өзім облыстық филармонияда 20 жылға жуық қызмет етіп келемін.
Ұлыңыз Қазақстанның атын әлемге айшықтады. Жалпы, Димаш өнерге қалай келді?
Димаш, құдайға шүкір, елдің баласы. Халқымыздың атын шығаратын ұл өсіргенге қуанамыз. Димаш музыка мектебінде оқыды. 9-сыныптан соң Ақтөбедегі А.Жұбанов атындағы музыка колледжіне академиялық-вокал класына оқуға түсті. Бірнеше байқауларға қатысты. Халықаралық байқаулардан 3 бас жүлде, «Шығыс базарынан» бірінші орын алды. Димаш музыкаға берілген. Себебі, оның күнделікті тұрмыс-тіршілікке қатысты мәселелерге еш басы ауырмайды. Оның бар ойы – музыка, дыбыстың қалай шығатыны, орындалатыны, өзінің әлемі бар. Қазір эстрада-вокалда оқиды. Қазақстанда эстрада жанры кенжелеу дамуда. Арнаулы оқу орындарында эстрадалық бағытта тәрбиелейтін бөлімдер жоқ. Сондықтан, Димаш сияқты балалардың көп оқып, білімдерін жетілдіруі біздің ел үшін маңызды.
Әңгімеміздің төркіні балалар жайлы болып кетті, айтыңызшы, осы Қанат аға не сыйлайды мерекеде?
Гүл сыйлайды. Сосын «Ең үлкен «сыйлық» – менмін…», – деп өзін жарты сағат мақтайды (күледі).
Қанат ағамыздың әке ретінде қай қасиетін ерекше атайсыз?
Өте балажан. Жалпы, азамат ретінде ұлтжанды, еліміздің патриоты. Ең алдымен елдің абыройын ойлайды. Ұлттық намысты бәрінен биік қояды. Осы қасиеті ұнайды.
Өзіңіздің балалық шағыңызға оралайықшы. Ата-анаңыз қандай кісілер еді? Сіз қандай бала болдыңыз?
Темір ауданы Қопа ауылында (бұрынғы «Кеңес туы») туып, өстім. Әкем Ермек Төлемісов ҚазПИ-дің көркемсурет факультетін бітірген талантты суретші болатын. Оқу бітірген соң, жолдамамен ауылға келген жас жігітті партия ішкі істер органына жұмысқа жіберді. Зейнет жасына дейін сонда қызмет етіп, кейін ұстаз болды. Анам Бибігүл көп жыл ауыл шаруашылығының есеп-қисап бөлімінде жұмыс атқарды. Өзім әулеттің тұңғыш немересі болдым. Атам Жетеш Төлемісов сол ауылдың мектеп директоры болған, ұстаздық қызмет атқарған кісі. Әжем Зоя екеуі мені бауырларына басып, Димаш сияқты сол кісілерді «папа, мама», ал әке-шешемді «аға, апа» деп атап кеткенмін. Өте ерке болдым. Еркелігімде тіпті шек жоқ. Қатты еркелегенім сонша, мектепке дейін атам сөмкемді ұстап, мектептен қайтарда сөмкемді көтеріп алып келеді. Әлдеқалай өзім баратын болсам, қолы қажалып қалады деп, портфельдің ұстайтын тұтқасын әдемі мақпалмен қаптап беретін. Тіпті мектептің асханасына қарны ашып қалады деп, бір айға ақша төлеп қойғаны есімде. Асханада кезек күту деген жоқ. Атам ауылдың қадірлісі, мен оның бетіне қарап отырған немересі болған соң ба, бәрі алақандарына салып еркелетті. Әке-шешем жұмысбасты болғанмен, өнерлі де еді. Көбісі алты ішекті гитара тартса, әкем жеті ішекті гитараны теріп тұрып тартатын. Баян да ойнады, домбыра да тартты. Бала кезде баян тартып үйренуіме осы әкемнің ықпалы көп болды. Жиын-тойда ата-анам бір-біріне қарап отырып, ән айтатын. Өкінішке қарай, әкем өмірден өтіп кетті.
Отбасында неше ағайындысыздар?
Менен кейін Гүлайым деген сіңілім бар. Астана қаласында тұрады. Ұстаз. Одан кейін Айдын деген інім бар. Келінім Бағдат екеуі нағыз қазақы отбасының үлгісін көрсетіп отырған жандар. Өзім ерекше жақсы көрген тағы бір інім болған, 25 жасында дүниеден өтіп кетті. Жанымның жарасы болып қалса да, артында ізі бар. Соған да шүкір дейміз. Қызы өте ақылды, есті болып өсіп келеді. Портфелін атасына ұстатып қоятын ерке қыз бой жетті, оқуға түсті, Қанат ағамен танысты дегендей...
Ауылдағы мектепті бітірген соң, Ақтөбе педагогикалық колледжіне оқуға түстім. Одан кейін Қ.Жұбанов атындағы университетте оқыдым. Қанат екеуміз сол кезде таныстық. Амангелді Сәндібаев деген композитор ағамыз басқарған «Жібек жолы» деген топ болған. Қанат сол топта ән айтатын, кейін ол топқа мен қосылдым. Екеуміз бірге сахнада ән айттық. Бірінші курстан кейін шаңырақ көтердік. Одан кейін Димаш дүниеге келді. Димаш туылғанда қатты қуанғанымыз сонша, әлде бала болдық па, перзентханадан шыққанда баланы қалай ұстауды білмейміз. Басын былқ-сылқ еткізіп, тікесінен ұстап отырыппыз. Қызық көріп, бетіне күле бергенбіз ғой. Содан оқуын алаңдамай бітіріп алсын деп, атасы мен әжесі немерелерін қастарына алды. Бір үйде тұрсақ та, қырқынан шыққан бойда бөлмелеріне алып кетті.
Тегіңізді ауыстырамын деп өзіңіз шештіңіз бе? Өз тегіңіз қандай еді?
Төлемісова. Балалық қой, тұрмысқа шыққан кезімде өз тегімде қалмақ болдым. Ата-енем де қарсылық білдірген жоқ. АХАЖ-да неке қию рәсімінде осылай дегенімде, өз әжем қатты ашуланып: «Қыз бала барған жеріне тастай батып, судай сіңуі керек. Күйеуіңнің тегіне өт…», – деп айқай салды. АХАЖ қызметкері дағдарып: «Қарсы емессіз бе?», – деп маған бұрылғанда, әжем «Қарсы емес…», – деп бір-ақ кесті. Осылайша, Айтбаева болып шыға келдім.
Сізге әншілік кімнен дарыған?
Әкем Ермек бірнеше аспапта, гитара, баян, домбыра т.б. бейнелей айтқанда, құлағында ойнайтын. Музыкалық қабілеті жоғары болғанымен, ішкі істер саласын таңдаған. Негізгі мамандығы суретші, қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-ды бітірген. Институттан соң бірден милицияға кіріп, сонда қызмет етті. Бертінде заң колледжінде ұстаз болды. Анам Бибігүл ауыл шаруашылығы саласының маманы. Әкем мен анам бірі сүйемелдеп, бірі ән айтатын. Оларға ата-енем қосылғанда кәдімгідей квартет шығатын.
Менің түсінгенім бойынша, отбасы Сіз үшін бірінші орында ғой?
Әрине, отбасы қашан да бірінші орында. Мүмкіндіктер болды, бірақ ағайын-туыстың ортасында жүрейік деп шештік. Оған еш өкінбейміз. Өзіміз өнерге бәлендей үлес қоса алмаған шығармыз, бірақ Димаш арқылы соған үлкен салмақ беріп отырмыз деп ойлаймын. Кезінде бала-шағаны ата-енемізге қалдырып, не бәрін Алматыға жетелеп алып кеткенде, дайын тұрған үй жоқ, сананы тұрмыс билеп, балаға көңіл бөлінбей, бойындағы дарыны ашылмай қалуы мүмкін еді. Қайта жылы орыннан қозғалмай, баланың тыныштығын бұзбай, дұрыс жолға бағыттап, Димаштың осындай жетістіктерге жетуіне ықпал еттік деп ойлаймын.
Өзіңіз сияқты бала-шаға тәрбиелеп, бір әулеттің отын түтетіп отырған келіндерге қандай кеңес айтасыз, олар нені ескеруі қажет?
Айтатын кеңес біреу – оттың басындағы, ошақтың қасындағы әңгімені сыртқа шығармау. Сол кезде ешқандай қиындық болмайды. Келін боп түскен жерінің жақсысын асырып, жаманын жасырып, артық ауыз әңгімесін төркініне тасымағаны дұрыс. Бізде ондай нәрсе болып көрген жоқ. Бұйырса, болашақ келіндерімнен де соны күтемін.
Әңгімеңізге рақмет!
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз