Ұлы іс отбасынан басталады
Бүгінде бұл қауымдастық әлемнің 120 елінің ғалымдары мен практиктерін, әлем ойшылдарын, саясаткерлерді, халықаралық ұйымдарды, ғылыми-зерттеу орталықтары басшыларын және іскерлік орта өкілдерін біріктіреді. Бірінші рет 2008 жылы өткен Форум дүниежүзілік экономика мен қаржы жүйесін оңалту және дамыту мәселелерін талқылауға арналған ықпалды халықаралық алаңдардың бірі мәртебесін иеленіп үлгерді. Өткен уақыт аралығында Форумға 150 елден 43 мыңнан астам делегат қатысты. Жалпы көлемі 17,8 млрд. доллардан астам қаражат болатын 280 меморандум мен келісімге қол қойылды, Еуразиялық іскерлік конгресі, дүниежүзілік МЖК орталығы және Нобель сыйлығы лауреаттарының Астаналық клубы құрылды. ХІ Астана экономикалық форумы аясында «Артықшылық орнына құқық. Әйелдер көшбасшылығы қазіргі әлемге қалай әсер етуі мүмкін?» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен «EXPO & Women» халықаралық ұйымы Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымымен бірлесіп ұйымдастырды. Сондай-ақ, жиынға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, шетелдік және ұлттық сарапшылар қатысты.
Отырысты ашқан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова әлемнің көптеген дамыған мемлекеттері әйел капиталын дамыту арқылы инклюзивті экономиканы қалыптастыру қажеттігін түсінгенін айтты.
«Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдығының бірі – әйелдер құқығын қамтамасыз ету және ілгерілету, сондай-ақ олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері болып саналады», – деді Мемлекеттік хатшы.
Мемлекеттік хатшы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Шешімдер қабылдау деңгейінде әйелдер өкілдігінің кеңеюіне қол жеткізу қажет» деген сөзін атап өтті. Бүгінде Қазақстанның қаржы саласында басшылық қызметтегі әйелдердің саны 30 пайыздан асты. Әйелдер 500-ден астам шағын және орта бизнес компанияларын басқаруда, яғни олардың 43 пайызын құрап отыр. Осы секторда құрылған барлық жұмыс орнының үштен бірі әйелдерге тиесілі. Мемлекеттік хатшы әйелдердің әлеуеті мен рөлін арттыру бүкіл әлемнің ілгерілеуімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Оған қол жеткізу үшін БҰҰ ұсынған төрт К бағытына негізделген жаңа машықтарды меңгеру қажет. Олар: сыни ойлау (критическое мышление), коллаборативтілік, креативтілік және коммуникативтілік. Әлем сарапшыларының болжамы бойынша, 2020 жылға қарай бүгінгі еңбек қызметін айқындайтын білім мен дағдылардың үштен бірінен астамы өзгеретін болады. Жиын қорытындысы бойынша гендерлік мейнстримингті ілгерілету үшін саясаттағы, экономикадағы және қоғамдағы әйелдер көшбасшылығын дамытуға бағытталған ұсынымдар әзірленді.
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз