Ұлы іс отбасынан басталады
Осы жаңа үндеу бойынша қазіргі таңда атқарылған істерге тоқталмас бұрын, Қазақстан халқына жаңа міндеттерді жүктеген Жолдаудың тармақтарына шолу жасайық. Үлкен үндеуде он басты бағыт бар. Әуелі Мемлекет басшысы өз мақаласында «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» екендігіне екпін түсіріп, сол бағыттағы істердің іргесін көрсеткен. «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамытудың» маңыздылығы да мәлімдемеге мән беріп тұр. Бұған дейін де Қазақстан жаңа технологиялардың көшіне ере бастаған. Президент Жолдауда сол «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» екендігін жазды. Аграрлық ғылымды дамыту мәселесінің де басты назарда болу керектігін атап өтті. «Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру» дамудың даңғыл жолы болуы керек. Ол үшін интеллектуалды көлік жүйесін де енгізуіміз міндеттелді. Ал «Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу» әлеуметтің тұрмыстық әлеуетін әлдендіруге өз септігін тигізері хақ. Жолдауда жақсылап тұрып түсіндірілген тағы бір тақырып – «Қаржы секторын «қайта жаңғырту». Соның арқасында банктердің былығы азайып, қаржы институттарының қызметтері қатаң қадағалануы қажет. Жолдаудың жетінші бағыты: «Адами капитал – жаңғыру негізі». Елдегі білім, денсаулық салаларындағы адами ресурстың рөлі реттеліп, түрлі түйткілдердің түйінін тарқату керек. Президент Жолдауда түрлі мәселелерді қалай шешу керектігін де айтып өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы үндеудің «Тиімді мемлекеттік басқару» атты сегізінші тармағында елді басқарудың тың жолдарын да ұсынды. Сондай-ақ, басты мақалада «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» сияқты салмақты салалар да қамтылған. Қысқасы, Жолдау «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін деген өзекті мәселемен түйінделеді. Мақаланың жарияланғанына тоғыз айдан аса уақыт өтіпті. Жаңа жылдағы жаңа жауапкершілік қазақстандықтар өміріне қандай өзгеріс әкелді? Сараптап көрейік.
Жолдау шыққан кезде жұртты латын әліпбиіне көшу мәселесі алаңдатты. Елбасы 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын қарпіне көшудің нақты кестесін жасау қажеттігін айтқан болатын. Латынға көшу бастамасын Мемлекет басшысы 2000 жылдардың басында да көтерген-ді. Себебі «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес» дейді Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінде қазақ тілін латынға көшіру бойынша арнайы комиссия құрылды. Жалпы, 2025 жылға қарай елдегі барлық құжаттар мен ресми жазбалардың барлығы латын қарпінде жазылмақ. Осы жылдан бастап 7 жыл көлемінде латынға көшу кезең-кезеңмен жүргізіледі. Бұқара жаңа қаріпті толыққанды меңгергенше кириллица да қолданыстан шықпайды.
Білу маңызды: өткен ғасырдың өзінде қазақ әліпбиі екі рет ауыстырылды. Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, яғни 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылған. 1929 жылы КСРО Орталық атқару комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары кеңесінің президиумы латындандырылған жаңа әліпбиі – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын қарпі негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кириллицаға ауыстырылды. Ал 1940 жылы «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Былай қарасақ, әлем елдерінің дені латын әліпбиін пайдаланады. Біздің елде де мемлекеттік тілден бөлек ағылшын тіліне басымдық беріліп отырғанын білеміз. Сол себепті, расымен де, Елбасының жүктеген міндеті латын қарпіне ауысудың өзін заман талабы екенін түсінесің.
Жаңа кілт – инновацияда. Елбасымыздың да отандастарымызға айтары – осы. Себебі бұрынғы механизмдер ескірді. Ал жаңа мүмкіндікті өндіріске енетін инновация береді. Жер қашықтығы, қолайсыз климат, халықтың аздығы экономикалық түйткілді шешуге қолбайлау емес. Бұл – сылтау. Оған әлемде мысал жетеді. Адамы аз болғанмен, алып жатқан жері ұлан-ғайыр Австралия мен Канада, ал керісінше, халқы көп, бірақ территориясы шағын жапон жұрты дамыған елдердің көш басында. Неге дейсіз ғой? Бәрі – инновацияның арқасы. Жоба алдымен посткеңестік кеңістікте бәсекеге қабілетті болуы керек. Қазақстан да шет елдерден қалыспайды. Жаңа жаһандық инновациялық хабқа айналуды көздейді. Сол мақсатта елордада «Астана хаб» орталығы ашылды. Тиісінше, елімізде инновацияны қолдаудың заманауи инфрақұрылымы қалыптасуда. Яғни өнертапқыш идея ұсынады, ал мемлекет оны өндіріске енгізгенге дейін демейді. Ойға келіп, нобайы қағазға түскен ноу-хаулар жетеді. Күллі адамзаттың тағдыры энергияны тұтынумен тікелей байланысты. Себебі болашақтың энергиясы – әлемнің болашағы. Энергетиканың келешегі жаңа не болмаса баламалы энергия көздерін іздеумен ғана шектеліп қоймайды. Бізге экологиялық инновациялар керек. Экология демекші, барлығы тазалықтан басталады. Осы мақсатта Астанада қоқыстарды қабылдайтын жаңа орталықтар ашылуда. Енді алматылықтар ғана емес, астаналықтар да өздеріне қажетсіз деп тапқан қоқыстарды (қағаз, шыны, пластик) арнайы дүңгіршектерге тапсырып ақша табуда. Ойлап қарасаңыз, бұл жобаның мағынасы тереңде жатыр. Біріншіден, бұл іс ел экономикасы мен экологиясын жақсартады. Екіншіден, шикізатты шет мемлекеттерден емес, өз елімізде шығаруымызға итермелейді. Жоба – Мемлекет басшысының мақаласында көрсетілген «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту» тармағы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың бірі.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, биылғы бірінші жартыжылдықта индустриялық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалған. Биылғы қаңтар-ақпан айларында бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 22,1%-ке артып, 2,5 млрд АҚШ долларына жетті. 2018 жылдың қаңтар-маусымында өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі 18,2%-ке өсіп, 532,8 млрд теңгені құраған. Елімізде индустрияландыру басталғалы бері, яғни 2010-2017 жылдар аралығында барлығы 6,6 трлн теңге болатын 1148 жоба іске қосылып, 107 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал биыл құны 850 млрд теңге болатын 123 жобаны іске қосу жоспарланған. Яғни 14 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Биылғы I тоқсанда тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 6,7 млрд долларға жетіп, 24,4%-ке өсті. Ал құрылыс саласында 12,1 млн шаршы метр тұрғын үй, яғни 103 мыңнан астам бас-пананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Тұрғын үй құрылысына 513,3 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл өткен жылғыдан 28,4%-ке жоғары. Республика бойынша 49667 баспана пайдалануға берілді, оның ішінде 20532 жеке үй бар. Мемлекет басшысының «7-20-25» жаңа ипотекалық несиелендіру бағдарламасы енгізілді. Енді отандастарымыз төмен пайыздық несиемен баспаналы бола алады.
Қазақстандықтар егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруде алдарына жан салмайды. Бірақ ауыл шаруашылығын дамытуымыз үшін бұл жеткіліксіз екендігін түсіндірген Елбасы аграрлық саясаттың еңбек өнімділігін арттыру мен өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керектігін айтты. Яғни «Ақылды технологиялар» арқылы жұмыс сапасын жақсартып, уақытты үнемді пайдалануымыз қажет. Осы орайда Ұлттық ғылыми-білім беру орталығы қарқынды жұмыс істеуде. Енді орталық тапсырмасымен еліміздегі шаруа қожалықтарының барлығы заманауи бағытқа бейімделіп, бірыңғай кооперативке бірігулері қажет. Қазіргі таңда тек қожалықтардың 10 пайызға жуығы жаңа технологияларды қолданып, еңбек өнімділігін едәуір арттырып отыр. Жалпы, Елбасы Жолдауында ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2 жарым есе арттыру жөнінде тапсырма берілді. Сала жұмысына қосымша қаражат бөліп, шаруа қожалықтарын түгелдей жаңа технологиямен қамту да міндеттелді. Осы ретте жауапты министрлік бизнес шығындары мен инновацияны енгізу ісіне субсидия бөлуді көздеп отыр. «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» КеАҚ басқарушы директоры Болатхан Махатовтың айтуынша, озық технологиялар енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыру үшін кооперациялардың болғаны дұрыс. Шаруалардың бастары біріксе ғана озық технологияны пайдалану тиімдірек болмақ.
Бүгінде елімізде отандық ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұраныс артып келеді. Сондықтан мемлекет ауыл шаруашылығы өнімдерін, ішкі нарықтан бөлек, халықаралық нарыққа шығару жұмыстарын қолға алған. Себебі «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастыру да біздің ел үшін маңызды.
Қазақстан – көлік-логистика саласы қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттің бірі. Қазіргі таңдағы басты мәселелердің бірі де осы көлік инфрақұрылымының тиімділігін арттыру. Оның өзектілігіне ерекше мән берген Елбасы өз Жолдауында еуразиялық инфрақұрылымды дамытуға назар аударып, Үкіметке 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдаудың жылдық мөлшерін ұлғайтуды тапсырған болатын. Осы мақсатта Үкіметке контейнермен тасымалданатын жүк көлемін 2 миллионға көбейтіп, жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдауды 1,6 миллион транзиттік жолаушыға дейін арттырумен қатар, транзиттік тасымалдаудан түсетін табысты жылына 5 миллиард долларға дейін ұлғайту жүктелді. Бүгінде аталған тапсырмаларды орындау үшін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы қолданылуда. Онда отандық автожол желілерінің құрылысы мен реконструкциясына басымдық беріледі. Бүгінде елімізде 5 халықаралық теміржол мен 6 автомобиль дәлізі бар. Оларды дамыту үшін еуразиялық көлік дәліздерінің жаңа архитектурасы құрылуда. Соның арқасында баратын жеріңізге тез жетіп, керек жүгіңізді жедел жеткізе аласыз. Мәселен, Каспий аймағының Солтүстік-Оңтүстік және Транскаспий халықаралық көлік бағыты сынды дәліздер Қытайдан Еуропаға, Үндістаннан Еуропалық одақ елдері мен Ресейге жүк тасымалдау уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Ал «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі жобасының арқасында еліміз арқылы жүктер Қытайдан Еуропаға дейін 10-12 тәулік ішінде, ал Оңтүстік Теңіз жолымен 45-60 күнде жеткізіледі. Жүк тасымалдаудан жолаушылар тасымалына өтейік. Өткен жылы ел игілігі үшін «Нұрлы жол» жаңа вокзал кешені пайдалануға берілді. Онда тәулігіне 35 мың жолаушы сапарға шығады.
Бүгінде Каспий теңізіндегі құрық портының жаңа теміржол паром терминалы арқылы миллион тоннадан астам жүк өңделді. Еліміздің шығысында, Қытаймен шекара маңындағы аумақтағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақ базасында 2015 жылы құрлық портының және инфрақұрылымның құ-рылысы аяқталды. Мұнда «бір терезе» қағидаты бойынша көлік-логистика қызметтерінің барлық түрін, оның ішінде кедендік және брокерлік қызмет көрсету мүмкіндіктері қарастырылған. 2017 жылы Астана қаласы әуежайында жаңа терминалдың құрылысы аяқталды. Терминал ауданы – 47 мың шаршы метр. Бұрынғы терминал арқылы 3,2 млн адам болса, жаңа нысанның жолаушылар өткізу мүмкіндігі жылына 5 млн адамға жетеді. Жаңа терминалда «LOT Polish Airlines», «WizzAir», «FinnAir», «Air China», «Lufthansa», «Air Arabia» сынды шетелдік 17 әуе тасымалдаушы компания халықаралық рейстерде қызмет көрсетеді. Сондай-ақ Дели, Варшава, Хельсинки, Будапешт, Бейжің, Ереван, Киев, Батуми сияқты бағыттарға жаңа рейстер ашылды. Қазіргі уақытта 96 халықаралық әуе қатынастары бар. Биыл елордадан Вильнюс, Ереван, Ұлан-Батыр, Том, Омбы, Түмен, Челябі бағыттарына халықаралық әуе қатынастары ашылуда. Алдағы жылы Токио мен Сингапурға, ал 2020 жылы Шанхай мен Нью-Йоркке әуе қатынастары ашылмақ. Қазіргі уақытта елімізде 15 әуежай Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) санатына сай қызмет атқаруда. Бүгінде көлік-логистикалық қызметтерде Қытай–Еуропа–Қытай тұрақты контейнерлік желілері ашылып, 15 халықаралық бағытта жүк ағынын Қытай мен Еуропа елдерінің негізгі біріктіру пункттері енгізілді. Қазақстанның транзиттік әлеуетін жүзеге асырудың стратегиялық мақсаты – контейнерлік тасымалды дамыту. Ал оны дамыту үшін бүгінгі күні жылдамдықты арттыру, технологиялық процестерді оңтайландыру мен автоматтандырылған жүйені енгізу арқылы жеткізу уақытын қысқарту үшін қосымша жұмыстар жүргізілуде. Тиімді шаралардың арқасында еліміздің сауда, логистикалық және іскерлік хаб ретінде қалыптасатын сәті де алыс емес.
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз