Ұлы іс отбасынан басталады
Елбасы биылғы Жолдауында халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды басты нысанға алғаны мәлім. Өмір сүру жайлылығы қолжетімді тұрғын үйден басталатынын ескере отырып, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының арнайы әзірленіп, 250 мыңнан аса отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретінін алға тартты.
Басында баспанасы жоқ, оны алуға жалақысы жетпейтін отбасы расымен де, қаншама. Алғашқы жартыжылдықта алғаш шымылдығын түрген «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы сол жанұялардың шаттығын еселейтін болады деген сенім бар. Мен де ата-анамды еңселі елордаға шақырып, ыстық шәйнектен өз шаңырағымда отырып шай бергім келеді. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие алудың мүмкіндігі туып тұрғанда, сол арманымды неге орындамасқа?! Ол үшін аталған бағдарламаны терең зерделеуге кірістім. Әдеттегі банктер ұсынатын ипотекалық бағдарламалармен салыстырғандағы тиімділіктер баршылық. Мәселен, бастапқы жарнаға төленетін қаржы сатып алатын пәтердің 20%-ын ғана қамтыса, сыйақының жылдық номиналдық мөлшерлемесі 7%-дан асырылмайтыны көңілді жібітетіндей. Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында 25 миллион теңге, ал басқа өңірлер үшін 15 миллион теңгеге дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісілген екінші деңгейлі банктер 25 жылға тұрғын үй қарызын бере алады. Олардың қатарында Қазақстан Халық банкі, Центр Кредит, АТФ, Цесна, RBK және Еуразиялық банктері тұрғын үй бағдарламасы аясында өз жұмысын бастап үлгерген. Ең соңында айтылатын талап – «7-20-25» бағдарламасы бойынша тек бастапқы нарықтан, яғни құрылыс компаниясының әлі жеке тұлғаларға өткізілмеген тұрғын үйлерін ғана ипотекалауға болады және сатып алушының атында басқа жылжымайтын тұрғын үй мен ипотекалық тұрғын үй қарызы болмауы тиіс.
Аталған талаптар әзірге менің үдемнен шығып тұр. Себебі, тырнақтап жиған қаражатым Астанадағы 10 миллион теңге шамасындағы бір бөлмелі пәтердің 20% алғашқы жарнасын ғана төлеуге жетеді екен. Әдеттегі ипотекалық несиелердің сыйақы мөлшерлемесі 15 %-дың төңірегін шарласа, 7% дегеніміз әжептеуір айырмашылық қой. Әрі банктің көрсеткен қызметі үшін қосымша ақы алмайтыны тағы бір жеңілдік. Міне тамаша! Енді осы бағытыммен лайықты пәтер іздеуге көштім. Танымал құрылыс компанияларының интернет парақшаларын ақтарып, бірінен-бірі өткен зәулім үйлерге көзім тоймай, тамсана қарап отырмын. Біресе сол жағалауға, біресе оң жағалауға қарай ойша көшіп жүрмін. Таңдай алар емеспін. Енді олардың әрқайсысына тоқталып, ішкі құрылымына, бағасы мен талаптарына тереңдей түстім. «Ұлы адамның үйіне барма, пендешілігін көріп қоясың» деген тауып айтылған сөз ойыма еріксіз орала кеткені-ай. Жарнамасы жарқырап тұрған пәтерлердің барлығы уысымнан біртіндеп сырғып жатыр. Танысып келген баспаналар негізінен мен іздеген бағаға иілетін емес.
Алдағы айлармен салыстырғанда, құжаттары рәсімделіп, сатылым алаңына шыққан үйлердің қатары көбейіп қалғанымен, таңдау аясы әлі де тарлық ететіндей. Ізденіс барысында «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайталама нарықтан үй таңдау мүмкіндігі қайта қарастырылғаны туралы ақпаратты құлағым шалып қалды. Бұл ақпараттың растығына көз жеткізу үшін «Баспана» несиелік ұйымы сыртқы коммуникациялық қызметі жетекшісінің орынбасары Айбар Олжаевпен тілдестім.
Халықтың сұранысын ескере отырып, күні кеше ғана «Баспана Хит» бағдарламасы жұмысын бастағаны рас. Алайда ондағы шарттарды «7-20- 25» бағдарламасына енгізілген өзгеріс деп түсіну қате. ҚР Ұлттық Банкімен қабылданған ережелерді ешкім өзгерте алмайды, сондықтан біз Астана мен Алматы қалаларынан өзге аймақтарда жаңадан салынатын үйлер жоқтың қасы екенін назарға алып, қосымша бағдарлама ретінде жарыққа шығарып отырмыз. «Баспана Хит» бағдарламасының негізгі тиімділіктері – қайталама нарықтан, яғни бұрын қолданыста болған үйлерді 11 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен 15 жыл мерзім уақытқа дейін ипоткалық жолмен сатып ала алады. Сондай-ақ, алғашқы жарнаны 20 пайыздан көп төлеуге және бағдарламаға қатысушы тұлғаның атында басқа баспананың болуы рұқсат етіледі. Өзге банктермен салыстырғанда бұл әлдеқайда арзан әрі тиімді мүмкіндік, – дейді Айбар Олжаев.
Менің баспаналы болу мүмкіндігімнің тынысы кеңейіп келеді. Әңгіме арасында Айбар Олжаев «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1 қарашадағы статистикаға сай республика көлемінде 4200 адам 50 миллиард теңгеге өтініш білдірсе, оның ішінде 2794 адамға 33, 5 миллиард теңгенің несиесі мақұлданғанын айтты Аталмыш бағдарламаға сұраныстың да, нәтиженің де барын осыдан аңғару қиын емес секілді. Сала тынысын терең меңгерген білікті маманмен сұхбатымды тиімді пайдаланып, баспана сатып алу кезіндегі іс-әрекетімнің алгоритмін де жобалатып алдым. Мәселен:
1. Құрылыс компаниясынан бағасы мен басқа да сұраныстарға сай таңдалған үйдің техникалық құжаттарының көшірмесін, бағалау парағын алып банкке барамын.
2. Банкке сұратқан жеке құжаттарым мен пәтер
құжатын тапсырып, қарыз алу жөнінде өтініш
қалдырамын.
3. Несиені мақұлдаған соң банк ұсынған
кепілхатты құрылыс компаниясына жеткізіп,
сатып алу-сату шартына қол қоямын.
4. Аталған шарт нотариуста рәсімделген соң пәтердің құжатын кепілдеме ретінде банкке өткіземін, 20 % алғашқы жарнаны банкке төлеймін, банк берілген несиені құрылыс компаниясына аударады.
5. Мен пәтердің кілтін иемденіп, банкпен келісілген төлем кестесін уақытында жүргізуді жалғастырамын. Үй таңдау мәселесіне әлі ораламын, «жеті рет пішіп, бір рет кес» дегендей жылжымайтын мүлікті сапасы мен бағасына қарай әлі іздеу үстіндемін. Жоғарыда аталған ипотекалық бағдарламалардың талабын келісілген банктер тең дәрежеде орындаса, кез келгенін таңдауға жарап тұр-ау. Дегенмен, олармен жекелей кеңесуді жөн санадым. «Цесна» банктың кеңесшісі «7-20-25» бағдарламасын асықпай, байыппен түсіндірумен қатар, мен білмейтін «Орда» ипотекалық бағдарламасы туралы да құлағдар етті. Қазақстан ипотекалық компаниясы жаңадан іске қосқан бағдарлама аясында банк 12 % мөлшерлемемен өтінштерді қабылдауды бастап кеткен көрінеді. Оның бір ерекшелігі, алғашқы жарна болмаған жағдайда қарыз алушы үшінші тұлғаға тиесілі жылжымайтын мүлікті кепілге қоя алады. Ал «Центр кредит» банкінің кеңесшісі «7- 20-25» бағдарламасы бойынша менің мүмкіндігімді есепке салып, ерінбей кестелеп берді. Яғни, 10 миллион теңгенің баспанасын 15 жылға 7 %-дық мөлшерлемемен ипотекаға рәсімдейтін болсам, ай сайынғы төлем 71 960 теңгеге шығады. Ондағы 2 миллион теңге алғашқы жарнаны есептемегенде, 8 миллион теңге банктен қарыз алғаным үшін 4 943 127 теңге үстінен қосып төлейтінім анықталды. Банктың сыпайы қызметкері қосып төлейтін соммадан қорықпауға шақырып, мерзімінен бұрын еселеп төлегенде бұл сандар едәуір азаятынын және ол үшін ешқандай ақы алынбайтынын жеткізді. Халық банкі қызметкерінің кеңесі «7-20-25» бағдарламасы аясында ипотека рәсімдеу үшін айлық кірісім 200 мың теңгеден кем болмау (аймақтар үшін 120 мың теңге) керектігінен басталды. Сондай-ақ, қарыз алушының жасы 21-ден кіші және ипотекалық қарызының соңғы төлемін жасайтын сәтінде 60 жастан үлкен болмау талабы алдымен ескерілді. Халықтың сенімін иеленгенін жасырмайтын банк «7-20-25» бағдарламасы бойынша бүгінде 777 миллион теңгенің өтінімін қарап, 227, 9 миллион теңге тұрғын үй қарызын беріп үлгерген. Ай сайынғы жалақымды уақытында жеткізетін банкке бүйрегім бұрып тұрса да, «Тұрғын үй құрылыс» жинақ банкінде үкілі үмітім бардай.
Екінші деңгейлі банктерден тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесімен ерекшеленетін банктің салымшысы ретінде жылдық мөлшерлемесі 5% болатын несие алуға таптырмас мүмкіндігім бар. Дегенмен, елордадағы ең арзан деген үйдің өзіне 50 % алғашқы жарнасын төлеу үшін мендегі қордың жетпейтіні сан соқтырады. Банк ұсынатын «Нұрлы жер», «Өз үйім» бағдарламаларына тек конкурстық жүйе арқылы қол жеткізуге болады. Мыңдаған салымшының арасында топ жарудың өзі екіталай. Әйткенде, «Нұрлы жер» бағдарламасымен әкімдік тұрғызған қолжетімді үйді 20% алғашқы жарна және жылдық мөлшерлемесі 5% несиемен алуға болатын еді. Нарықтық бағадан төмен құнмен құрылыс салушылар ұсынатын жаңа үйлерді 7% жылдық мөлшерлемемен сатып алуға да «Өз үйім» бағдарламасы конкурстық негізде жақсы ұсыныс-тын. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда қалыс қалғаны көпшіліктің «неге?» деген сауалын туғызғаны белгілі. Қандай жағымды жаңалығымен қуантар деген үмітпен банктың баспасөз қызметімен сұхбаттасқанымда:
2018 жылдың 21 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ұйымдастырған кездесуде «Баспана» ипотекалық ұйымы мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің «7-20-25» бағдарламасына қатысу шарттары туралы алдын ала келісімге қол жеткізілді. Қазір банк бағдарламаға қатысу үшін арнайы өнім әзірлеп, «Баспана» ұйымымен талқыланып жатыр. Бұдан бөлек, банк салымшыларына қызмет алу жайлы және жеңіл жүруі үшін қазір техникалық инфрақұрылымды дайындау және процестерді автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде, – деген тұшымды жауабымен салымшыларын жыл соңына дейін қуантуға ниетті хабарымен бөлісті.
Әр отбасының басында өз шаңырағы болғаны ләзім. Бөтен үйдің табалдырығын тоздырған балаларға да жайлылық керек. Айналаға ізденіспен қол созсақ, баспаналы болудың қырық айласы табылады екен. Менің шағын ғана ізденіс жолым сіздің қандай да кәдеңізге жараса нұр үстіне нұр. Қоныс тойларыңызда жолығайық, оқырман!
Ұлжан ШОРАЕВА
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз