KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Алматылық студенттер биоотын алудың тың жолын тапты

Ғылыми жоба авторларының айтуынша, биоотынның пайдасы мен маңызы зор әрі қоршаған ортаға тигізетін зияны аз
Жаңалықтар
2019-04-18

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Жаратылыстану факультетінің студенттері өсімдік майынан биоотын алудың тиімді жолдарын ойлап тапты. 

Назерке Халел мен Муниса Сайдиганиеваның «Күнбағыс майынан биоотын алудың маңызы» тақырыбындағы ғылыми жобасы алғаш рет «Фараби әлемі» атты жас ғалымдар мен студенттердің халықаралық конференциясында таныстырылды.

Ғылыми жоба авторларының айтуынша, биоотынның пайдасы мен маңызы зор әрі қоршаған ортаға тигізетін зияны аз.

Табиғи қорлар мен энергетикалық ресурстардың сарқылу мүмкіндігі пайда болғаннан кейін адамзат оларды үнемдеуге және баламалы қуат көздерін ойлап табуға тырысуда. Соңғы жылдары әлемнің бірқатар дамыған елдерінде биоотын өндіру қарқынды түрде дамып келеді. Бұл бекер емес. Себебі, биоотын – жаңартылған энергияның көзі, экологиялық мәселелерді шешудің тиімді жолы. Әрі арзан және қолжетімді. Уақыт өткен сайын дамып келе жатқан қоғам мұнай мен көмір өнімдерінен гөрі адамға да, қоршаған ортаға да пайдалы отын түрін қолданғанды жөн көреді. Сол себепті де біз осы ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асыруды жөн көрдік, – деп атап өтті студенттер.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен дәстүрлі жиында Қыздар университетінің білімгерлерінің жобасы қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, үшінші орынға ие болды.

Бүгінде жас ғалымдар «Химия» мамандығы бойынша білім алады. Бұл олардың ғылым жолындағы алғашқы жетістігі. Студенттер тың жобаны алдағы уақытта Жаратылыстану факультетінің базасындағы зертханада жетілдіріп, болашақта Start up жобаларға қатысуды жоспарлап отыр, – дейді студенттердің ғылыми жетекшісі, Химия кафедрасының оқытушысы Гүлсара Ақанова.

Осы орайда айта кетейік, қоршаған ортаға зиянсыз отынды өндіруші елдердің саны жыл өткен сайын артып келеді және отынды өндіру көлемі соңғы уақытта өсіп отыр. Әдетте биоотын түрлі өсімдіктерден алынады. Айталық осы отынды ең көп өндіретін Бразилия қант қамысынан алса, АҚШ-та оны жүгеріден өндіреді. Әрине, аталған отын түрін өндіруге деген Қазақстанның да ынта-ықыласы Еуропа елдерінен кем емес. Қазақстан биоэтанолды өндіру ісіне экспортқа бағытталған тауар ретінде басымдық беріп отыр. Бұдан бұрын еліміз өндіргелі отырған биоэтанолды бидайдан алатыны белгілі болған еді.

 

zakon.kz

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз