Ұлы іс отбасынан басталады
Бұл ретте сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 78,3 пайызы (2017 жылдың қорытындысы бойынша 61 пайыз) еңбек қызметі аяқталған соң, қаржылық әл-ауқаттың негізі зейнетақы болады деген пікірмен келіседі. Демек адамдар ертеңгі күні, болашақ зейнетақысы туралы ойлана бастады деген сөз. Ал бұл экономикалық тұрғыдан тұрақты қоғамның негізі болып табылады
Қор бүгінде белсенді тұрғындарды жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту бағытында қарқынды жұмыс жүргізіп келеді. Сәйкесінше БЖЗҚ-ға деген сенім деңгейі арта түсетіндігіне сенім мол.
Соңғы жылдары кішігірім болса да өз бизнесін жүргізетіндер, әрі қашықтықтан фрилансер болып жұмыс істеп, қызмет көрсететін өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны да артып келеді. Соңғы деректер бойынша елімізде мұндай адамдардың саны екі миллионнан асады. Олар негізінен өздеріне жұмыс істейді және әрине, табыстары тұрақты емес. Көпшілігі салық төлемейді және зейнетақы қорына жарна аудармайды. Ал мұның салдары кейін үлкен қиындыққа әкеп соғары hақ. Өйткені, олар зейнетақы жинақтары болмаған соң, қарттық шақта кедейлік қамытын киюі ықтимал. Бұл адамдар зейнетақы қорынан жеке зейнетақы шотын ашқан соң, өкінішке қарай, оған жарна аударып тұруды ұмытады.
Міне, Қор мамандары осындай «ұйқыдағы» (жинақ ақша бар, бірақ бірнеше жыл жарна аударылмаған) немесе «нөлдік» (бір тиын ақша жоқ) шоттардың иелерімен жарналарды тұрақты аударып тұру жайында ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мысалы, Қор мамандары 2019 жылдың басынан бері 180,8 мыңнан астам шоттың иелерімен байланыс орнатты. Олардың ішінде 9,2 мыңнан астам адам ағымдағы жылдың 1 қаңтары мен 30 сәуірі аралығында шамамен 137 млн теңгеге зейнетақы жарналарын аударды. Жалпы белсенді емес шоттармен жұмыс жүргізу барысында Қор (2018 жылдың ақпаны мен 2019 жылдың 1 мамыры аралығы) шоттарына бірнеше жыл бойы жарна түспеген 810,8 мың адаммен байланыс орнатып, ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Соның арқасында белсенді емес шоттарға жалпы сомасы 2,4 млрд астам теңгеге зейнетақы жарналары түсті.
2019 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 9,8 трлн теңгеге жетті. Жыл сайынғы өсім 20 пайызды құрап отыр. Бұған зейнетақы жарналарын Қорға тұрақты аударып отыратын белсенді салымшылардың арқасында қол жеткізіліп отыр. Олардың шоттарындағы жинақтардың сомасы орташа есеппен 5-10 млн теңгені құрайды. Қазірдің өзінде Қордан өз жинақтары есебінен ай сайын 300 мың теңгеге дейін зейнетақы төлемдерін алатын зейнеткерлер баршылық.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін зейнетақы жинақтарын қалыптастырудың бірнеше жолы бар.
Біріншіден, жалақысы тұрақты емес немесе жұмыс жағдайына және белгіленген салық тәртібіне байланысты зейнетақы жарналарын тұрақты төлей алмайтындар үшін ерікті зейнетақы жарналарын аудару – болашақта таптырмас табыс көзіне айналуы мүмкін. Бұл жарналардың мөлшері мен төлеу кезеңділігін салымшылар өздері белгілейді. Жеке тұлға бұл жарналарды өз табысы есебінен үшінші бір тұлғаның атына да аудара алады. Мысалы, зейнетақылары қомақты болуы үшін ата-аналарының атына немесе бала күтімімен уақытша үйде отырған жұбайының атына аударуы мүмкін. Заңды тұлғалар да өз кезегінде жеке тұлғалардың, мысалы, өз қызметкерлерінің атына, оларды жұмысқа ынталандыру үшін ерікті зейнетақы жарналарын аударуға құқылы.
Екіншіден, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тұрғындар арасында әрбір қазақстандықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуы керектігі туралы кең көлемде ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұған қоса мемлекеттік деңгейде басқа да ынталандыру шаралары қолданылуда.
Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істеп, қызмет көрсететін жеке тұлғалар 2018 жылдың шілдесінен бастап міндетті зейнетақы жарналарын өз бетімен екінші деңгейдегі банктер немесе Қазпошта арқылы төлеуге міндеттелді. Бұған дейін олар тек құқылы болатын. Бұл ретте 2019 жылдың қаңтарынан бастап олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлеу тәртібі жеңілдетілді.
Енді, егер жеке тұлғалар, олардың ішінде фрилансерлер жұмыс істеу үшін немесе қызмет қызмет көрсету үшін салық агенттерімен азаматтық-құқықтық сипатта шарт жасасатын болса, олар үшін Қорға міндетті зейнетақы жарналарын осы салық агенттері төлейді. Ал егер еңбек шарты бойынша жұмыс істемейтін жеке тұлғалар, олардың ішінде фрилансерлер салық агенті болып табылмайтын жеке тұлғалармен азаматтық-құқықтық сипатта шарт жасасатын болса, олар осы шарт бойынша алған табыстан Қорға міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады. Бірақ бұл ретте олар Қорға міндетті зейнетақы жарналарын өз ұйғарымымен төлеуге құқылы. Жарналарды Қорға өз еркімен аудару жеке зейнетақы капиталын қалыптастыруға оң әсер етеді.
Үшіншіден, ағымдағы жылдың басынан бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілді. Ол өзін-өзі жұмыспен қамтушы жеке тұлғалардың бейресми қызметін тіркеуді оңайлатуға бағытталған. БЖТ арқылы төрт міндетті төлемді: мемлекеттік кірістер органына төленетін жеке табыс салығын (ЖТС), БЖЗҚ-ға төленетін міндетті зейнетақы жарналарын, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік аударымды және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік аударымды бір төлеммен жүзеге асыруға болады. Осылайша адамдар барлық төлемдерді жеңілдетілген жағдайда жүзеге асырып, әлеуметтік қамсыздандыру мен медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік алды. Бұдан басқа БЖТ төлеуші қазақстандықтар жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысып, жинақтарын молайтады және қатысу өтіліне қарай мемлекеттік базалық зейнетақыны жоғары мөлшерде алуға үміт арта алады. Өйткені, базалық зейнетақы еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай тағайындалатыны белгілі. Бұл бағытта жақсы нәтижелерге қол жеткізілді.
2019 жылдың 4 айы ішінде салымшылардың шоттарына жалпы сомасы 49,5 млн теңгеге 95,8 мың жарна келіп түсті. Бұдан басқа өнімді еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламалары жұмыс істейді.
Қазір жұмыссыз жүрген, бірақ тұрақты жұмыс істегісі келетіндер үшін жұмысқа тұру, жаңа мамандықты игері мүмкіндіктері пайда болып жатыр. Бұл да жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысудың маңыздылығын түсіндіруге бағытталған маңызды қадам болары сөзсіз.
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз