Ұлы іс отбасынан басталады
Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс.
2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет. Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады.
Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет. Білім және Ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырзаның айтуы бойынша:
«Орта білімге өткен жылы ең көп көңіл бөлінді. Бұл деңгейінде кестеге сәйкес жаңартылған мазмұнға көшу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі күні Республика бойынша оқулықтарды мектептерге жеткізу 99,4% құрады. Оқулықтардың сапасын жақсарту үшін көп жұмыс жасалып, электрондық нұсқалары енгізілді. Цифрлық білім беру ресурстары белсенді қолданылуда. Әр пән бойынша ресурстар
мектептерге 100% жеткізілді, еңді мұғалімдер оны тиімді пайдалана білуі қажет. Министрлік ұсынысымен жаңа оқу жылынан бастап әр балаға жеке логин берілді. Енді цифрлық ресурстар үйде де, мектепте де бәріне тегін қолжетімді болады. Мектептерге келсек, электронды құжаттарды кең жолақты Интернеті жоқ мектептерде ғана қағаз түрінде толтыруға рұқсат беріледі.
Цифрландыру, яғни IT технологиялар мен робототехниканы дамыту үшін қосымша білім берудің мүмкіндіктерін пайдалану керек. Жергілікті атқарушы органдар робототехника, программалау, 3D-принтинг кластарын ашуда. Қазіргі уақытта бір жарым мың (1 500) мектепте осындай кластар бар. Әрі қарай барлық өңірлерде IT-лицейлерін ашу жоспарланып отыр.
Ал біз болсақ, осы жолдау аясында білім беру ошақтары қалай жұмыс жүргізуде деген оймен Сіздердің назарларыңызға Астана қаласының №1 Бәйтерек балабақшасы мен Балқаш қаласындағы техникалық колледждің өмірі жайлы мағұлмат беріп, жұмыстарымен танысуды жөн көрдік.
Бүгінгі кәсібің -ертеңгі нәсібің
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауында «Біз техникалық және кәсіптік білімнің рөлін жаңаша сезінуге тиіспіз. Үкімет, барлық деңгейдегі жастарға кәсіптік білім беретін оқу орындары желісін дамытуға бағытталған пәрменді шараларды қолдануға тиіс», – деп білім нарығындағы бәсекелестікте мамандардың қажеттілігі – біліктілік деңгейімен айқындалатынын баса айтқан.
Әр оқу мекемесінің міндеті білім беруді дамыту бағдарламасына сәйкес сапалы білім беру мақсатында түрлі оқу әдістемелерін, практикалық іс-шараларда тәрбиелік мақсатпен ұштастыру болып табылады. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің басты бағыты – кәсіби білім берудің тиімділігін арттыру болып табылады. Кәсіби білім – қандай да бір кәсіп аясында біліктілік қызметіне қажетті жүйелі білік, дағдыларды игеру процесі, құралы мен нәтижесі және де сол кәсіби ортаға сай мінез-құлық ережелері мен нормаларды сақтауды қарастырады.
Осындай еліміздің әлеуеті мен экономикасын көтеруде зор үлес қосып келе жатқан жұмысшы мамандарды дайындауда жарты ғасырдан аса тарихы бар «Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы» Р. Қошқарбаев атындағы Балқаш техникалық колледжі жайлы біле отырайық.
Батыр есімі берілген білім ордасы жас мамандардың сапалы білім, кәсіби шеберлік алуымен қатар,заман талабына сай білімді, білікті маман иелері болып, нарық заманының бәсекесіне түсе алатын, түскен ортасында өзінің білім деңгейі мен кәсіби шеберлігін көрсете алатын өз мамандығының жан-жақты шебері болуын басты назарға алып отырады екен.
Қазіргі замандағы білім берудің негізгі мақсаты: еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, құзыретті, өз жұмысын жақсы білетін, жан-жағына бағыт-бағдармен қарайтын, әлемдік стандарт деңгейінде нәтижелі жұмысқа, кәсіби өсуге, әлеуметтік-саяси оңтайлы тез әрекет жасауға, болып жатқан өзгерістерге тез бейімделуге қабілетті білікті маман, индустриалды-инновациялық жағдайды шешуге лайық, өз қалауы мен қоғам талабына сай өзін көрсете білуге бейім, өз ойын еркін айта алатын, жоғары білімді, ұлттық тілді, тарихты жетік меңгерген, отандық және әлемдік мәдениетті бойына қалыптастырған, шығармашыл, оңтайлы кәсіби маман дайындау.
Бұл мақсатты жүзеге асыруда еліміздегі білім беру саласының бағыт-бағдарын айқындайтын Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны бәрімізге белгілі.
«Біздің ойымызша студенттердің білімін көтеру ісі ең алдымен оның өзіне қарай бағытталғанда ғана студенттердің өз санасын дамытып, атқарып отырған қызметінің мәнін терең ұғынуы, соған сәйкес өзін - өзі жетілдіру қабілеттерін қалыптастыруды, кәсіби шығармашылықтың биіктеріне жетуді қамтамасыз ететін болады. Біздің колледжде студенттер арасында бір-біріне көмек көрсетуі, өндірістік практика кезінде бір-бірімен ақпарат алмасуы, өз тәжірибелерімен бөлісуі, студенттердің жұмыс жасау әдістері туралы пікір алмасуы күнделікті қадағаланып отырылады» - дейді Балқаш техникалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айнагүл Серғазықызы.
Колледж студенттері өндірісте өздігінен шешім қабылдай алады. Өздігінен шешім қабылдай алу қасиеті қалыптасқан студент теория мен тәжірибені бірдей меңгеріп, осының нәтижесінде бекітілген жұмысқа деген жауапкершілік сезімі жоғарылайды. Өндірісте болғандықтан ұжыммен жұмыс жүргізеді және өндірістегі жұмыстарға бейімделіп өндірістегі әр түрлі жағдаяттарға сәйкес шешім қабылдай алады.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі білім беру мен тәрбие жұмыстарының талапқа сай жетілдірілуі студенттердің болашақ кәсіби маман болып қалыптасуына зор ықпал етеді.
Осы орайда техникалық колледжі студенттері өздерін білімділігімен қатар кез-келген деңгейдегі, формадағы іс шараларға қатысып, өздерінің шығармашыл, жан-жақты екендіктерін көрсетуде. Колледж студенттері республикалық, облыстық, халықаралық конференцияларға, конкурстарға, спорттық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған екен.
Соның бірі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында Қарағанды облысы бойынша ұйымдастырылып, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «WORLDSKILLS KARAGANDA» өңіраралық чемпионатын атауға болады. Чемпионаттың мақсаты болашақта бәсекеге қабілетті маман дайындаудағы студенттердің білім сапасын, іскерлігін анықтау.
2016-2017 оқу жылында өткізілген аталмыш сайысқа «Дәнекерлеу ісі бойынша» колледж студенті Горн Александр қатысып, 1 орынға ие болса, 2017-2018 оқу жылында біздің колледжден үш мамандық бойынша 6 студент қатысты. Осы чемпионатта «Слесарлық іс» құзіреттілігі бойынша біздің студентіміз Әсімхан Жасұлан 4 модуль бойынша 52,4 балл жинап, 3 орынға тұрақтап, алғыс хатпен марапатталса, «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша 2 курс студенті Сейсекеев Ерасыл қатысып, 18 команданың арасында 4 орынға ие болыпты.
«Сылақшы» мамандығы бойынша «Құрғақ сылақ және сылақ жұмыстарына» Рүстем Садыбаев қатысып, 10 команданың арасында 7 орынды қанағат тұтса, «Кірпішпен қалау» құзіреттілігіне Толбатов Максим, «Сырлау және декоративті жұмыстар» құзіреттілігінде Шыныбаев Самат 4 орындарға ие болғанын оқу орны басшылығы мақтан тұтып, «техникалық және кәсіптік білімнің» ертеңі жарқын екеніне күмән келтірмейді.
Қазіргідей білім беру саласында кәсіби қызығушылықты қалыптастыру мәселесі жаңа тұрғыдан бой көтерген заманда, әрбір бүгінгі студент- ертеңгі маман өзінің қабілеті мен білімін тиімді пайдаланып қана қоймай, еңбек нарығында бәсекелестікке әзір болуы керек. Сондықтан болашақ маманның алған білімін толықтырып, теориялық білімді практика жүзінде іске асырып, дәлелдеуі үшін осындай сайыстардың маңызы өте жоғары. Болашақ кәсіби маман осы ақпараттық қоғамнан қалыспай, жедел ойлаушы, жедел шешім қабылдаушы, ерекше ұйымдастырушылық қабілетті, нақты бағыт – бағдар беруші болып шығуы – бұл қазіргі заманның талабы. Осы талаптың негізінде, міндеттерді орындай отырып, біріге жұмыс жасау сіз бен біздің міндетіміз – деген оқу ісі меңгерушісімен бізде келісеміз. Себебі, бұл мамандық иелері нағыз халықтық кәсіпке айналмақ.
Ұлт болашағы балабақшадан басталады Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы бойынша оқудың сапасын жоғарылатып, үш тілдікті дамыту, электронды кітаптармен жұмыс, бейнебақылау, робототехника және тағы да басқа білім берудің түрлерін цифрландыру – алға қойылған мақсаттардың бірі. Осы тұрғыдан білім ошақтарының хал-жағдайын білуді балабақшадан бастағанды жөн көрдік. Балаларымыз болашаққа ең алғаш қадамын балабақшадан бастап, мектеп табалдырығына дайындықты да балабақшадан алады. Ендеше, осы балабақшалармен жақын танысу үшін Елордамыздың №1 «Бәйтерек» балабақашасына қарай беттедік. Білім және ғылым министрлігі Құқықтық және нормативтік актілерді әзірлейтін сараптамалық тобының мүшесі, Астана қаласы Білім басқармасы бойынша балабақша меңгерушілер кеңесінің құрамында, e_astana cайтының жұмыс тобының мүшесі, №1 «Бәйтерек» балабақшасының меңгерушісі Гүлнар Қанапияқызымен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
Гүлнар Қанапияқызы, өзіңіз білетіндей, Елбасының халыққа жолдауында «2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет» делінген, осыған сіздің көзқарасыңыз?
Жалпы балалардың даму процесі ол бір жерде тоқтап тұрмайды, керісінше тереңдетіле береді. Балабақшадағы болсын, үйде анасымен дайындалып отырған бала болсын, ол ата-анасы мектепке берем деген уақытта беруге құқылы. Біздің жоғарғы алты жастағы даярлық топ пен бес жастағы даярлық топтың көрсеткіштері бірдей болды, сол себептен бес жаста дайындық курсынан өткен бала да, алты жастағы бала да бірдей мектеп бағдарламасын игерген болып есептеледі. Айырмашылығы тек қана жастарында, яғни алты жастағы бала физиологиялық, психологиялық тұрғыдан алып қарағанда дайын, ал бес жастағы балалар,әрине, жас ерекшеліктерін байқатады.
Ал сонда бұл бастама дұрыс па? Сіздің жеке ойыңыз?
Оң қараймын, себебі былтырғы жылы осы жаңартылған бағдарлама бойынша біздің балабақша экспериментті жобамен жұмыс жасадық, яғни, 5 жастағы балаға оқып-жазып, ерте дамуына ықпал етіп, мектепке даярлық топ дайындадық. Бір қызығы 6 жастағы балаларымызбен бірдей деңгейге жетіп, бәрі дерлік мектеп табалдырығын аттады. Бұл өте жақсы көрсеткіш және ол балалардың ерте дамуына еш кедергі жоқ екенін одан әрі дәлелдей түсті. Бұрын балабақшалар балаларды 2 жастан алса, қазір 1-1,5 жастан қабылдауда.
Цифрландыру деңгейі қалай?
Балабақшадағы балалардың қабылдану процесі. Бүрынғы кезде ата-аналар көп құжат жинап өткізетін, одан соң ұзақ кезекте тұрып, үлгерсе ғана сол орынды ала алатын еді. Ал биылғы жылдан бастап бәрі цифрландырылды. Әр ата-ана кез келген уақытта үйінде отырып тіркеле береді. Және мұның бір артықшылығы, бұрын ата-ана жүгіріп жүріп кезекке койса да, мысалға күніне 200-300 орынмен шектелетін еді, ал цифрландырған жүйе бойынша одан екі есе көп нәтиже көрсетті. Әрине, бұдан соң мен цифрландыру деңгейі жоғары деп айта аламын.
Өзге балабақшаға қарағанда қандай ерекшеліктеріңіз бар?
Қала бойынша 95 мемлекеттік балабақша бар, солардың қатарында жүріп ерекшеленген сәтіміз – ол осы цифрландыру жүйесіне кіруіміз, балалардың әр тобында бейнебақылау орнатылған. Ата-анамен баланың отбасының алдында, өзіміздің жұмысымыздың тазалығын да көрсетеміз.
Жоспарларыңыз қандай?
Астана қаласы бойынша 95 мемлекеттік балабақша бар деп айтып кеттім, бізді әртүрлі органдар тексеруге келеді, сол кезде жасап отырған жұмысымыздың тазалығы мен цифрланған деңгейіне жеткізу үшін, ортақ бір база жасасақ деп отырмыз, әрқайсымыз өз базамызды жасап, Астана қаласы бойынша ортақ бір база жасасақ деп жоспарлап отырмыз. Кез-келген мағұлматты тексеріп келген орган болсын, білгісі келген ата-ана болсын, қалаған уақытында келіп тексере алады. Міне, осы нақты цифрландыру болады. Жылдың аяғына дейін осы жоспарларымыздың жүзеге асуына жұмыстанып отырмыз.
Инклюзивті бағытта тәрбие беруге қалай қарайсыз?
Бұл өте астын сызып қойып көңіл бөлетін мәселе. Бірақ, қараңыз, ол баланың біреуін бір топқа алу үшін үш бала орын босатуы керек. Оларға арнайы жеке тәрбиешілер керек. Біз осыған келе жатырмыз, оның бәріне уақыт керек.
Елбасының жолдауы бойынша тағы қандай жоспарларыңыз бар?
Үш тілді болуға ұмтылып жатқаннан соң, оны балабақшадан бастаған дұрыс қой, ағылшын тілі жолға қойылған. Екі кабинетті дайындап отырмын робототехника сабағына. Электронды оқулықтар жұмыс жоспарында тұр. Одан кейінгі астын сызып айтатын нәрсе, ол тамақ дайындау процесін цифрландыру. Ол қалай дейсіз ғой, тамақтың құрамындағы майлар мен ақуыздардың, дәрумендердің керекті нормасын шығару, тамақтың бохимиялық анализін көрсетуді, есептеп, талдау жүргізуді цифрландыру жұмыс жоспарында.
Сұхбатыңызға рахмет! Болашағымыздың бастау алатын қайнар бұлағы – балабақша көркейе берсін!
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз