KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Қайталанбас тұлғаның тұяғы

Тілендиева Динара Нұрғисақызы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «симфониялық оркестрдің дирижері» факультетін тәмамдаған кәсіпқой музыкант, «Отырар сазы» Қазақтың мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрінің дирижері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер. Динара – ТМД-да ең жас дирижер-бикеш. Жастайынан музыкамен айналысып, жатқа 500-ден астам музыка туындыларын біледі және бірнеше қазақ халқының ұлттық аспаптарында ойнай алады.
Мерейлі отбасы
2016-10-25

Динара өзін ата-анасының сүйікті жалғыз қызы, сегіз жасар Даяна деген алтындай қыздың анасы, қазақ халқының музыкасының жанкүйері деп, дәстүрлі музыканы өзінің тәлімгері санайды.

Қазақи музыканы сыйлайтын әр адамға таныс фамилияны арқалап жүрудің бір жағынан мәртебе, екінші жағынан жауапкершілік екенін терең түсінетін Динара отбасының абыройын асқақтап, әке мұрасына қамқоршы болуды өзінің борышы деп біледі.

Музыканы сүйе білуді, саралай білуді бойына сіңіріп өскен баланың жаман болмайтынына сенімді Динара өзінің аяулы қызы Даянаны да музыкаға баулиды. Қызы баяғыда өзі бітірген мектепте фортепианода екінші сыныпта оқиды екен. «Баяғыда әкемнің ең бірінші көрермені мен болсам, қазір менің ең бірінші көрерменім – қызым» - дейді. Қызының қай салада болмасын сауаты бар, талғамы биік болып өскенін қалайды. Әкесінен он үш жаста айырылып, одан кейін нағашы әжесі мен ағасынан айырылған Динараға сүйеу болған анасы, анасының қатал тәрбиесі. Сондықтан бала тәрбиесінде қатаңдау болуға да тырысады.

Қазақтың маңдайына біткен қайталанбас тұлға Нұрғиса Тілендиевке, асқар тауы әкесіне деген сағыныш бойын билегенде, әкесі атағандай Дизуля «Жас едім өмірге еркін бойламаған» деп әкесінің әнін шырқап, шер тарқатады.

«Отырар сазы» ұжымында 2009 жылдан бастап жұмыс істейтін Динара музыканың мәдениеттілікке тәрбиелейтінін айтып, жастарды дәстүрлі классикаға тартып, оларға сауатты музыканың дәнін егу – біздің ұжымымыздың мақсаты дейді. Бүгінгі таңда оркестрде  66 адам еңбек етіп, репертуар кеңейе түсуде: фольклор, классика, саундтрек музыкасын да тыңдаушыға ұсына алады. ЭКСПО-ға «Отырар сазы» оркестрі құрметпен шақырту алып, жоспар бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Динараның жетекшілігіндегі ұжым жаңалыққа деген ізденіс үстінде.

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз