Ұлы іс отбасынан басталады
Мен Қабдылнәсір Әмірғалиұлы 1927 жылдың қараша айының 7-сінде Жалаулы елінің Қарасу деген елді мекенінде дүниеге келіппін деп бастады әңгімесін Қабдылнәсір ақсақал. 1931-32 жылдардағы елді мекендерді колхоздандыру кезінде ұйымдасқан, Көшербай деген жерде орналасқан, Лениншіл колхозына мүше болып қосылып, сол елді мекендегі бастауыш мектепте қазақ тілінде төртінші сыныпты оқып бітірдім. 1939-40 оқу жылдарында 12 шақырым жерде тұратын ол кезде Новотроицк совхозы болып ұйымдасқан елдегі 7-жылдық мектептің 5-інші сыныбын оқып бітірдім. 1940-ыншы жылдан 1941-інші жылдың қаңтарына дейін 6-ыншы сыныпта оқыдым, ал содан кейін мектеп партасында отырып оқудың мүмкіндігі болмағандықтан, оқуды осы жерден тоқтатуға мәжбүр болдым. Жалдамалы пәтер жоқ, болса да оған төлейтін колхозшыларда ақша жоқ. Сол жылы егін шықпай колхозшылардың еңбек ақыларына астық та тимеді, осының салдарынан оқу тоқтатылды.
Осыдан кейін өмірдің тар жол тайғақ кешулері басталды. 1938 жылдың мамыр айында анам Назиха Рақымқызы өмірден өтіп, анадан жетім қалдым. 1939 жылдың желтоқсан айында әкем үйленіп Зүбилә Қойтайқызын маған екінші ана етіп алып келді. Маған туған анамнан бірде кем болмады. Ақылды, көрікті, әдепті, ісмер, елге сыйлы, жұртқа мадақты, жақсы адам еді. Ешбір өгейлік көрсетпей, мені өзінен туған баладай көрді. Ол кісі 12 жыл бұрын тұрмыста болған екен, бірақ перзент көтермепті. Біздің үйге келген соң 1942 жылдың 20-сыншы ақпан айында дүниеге Амантай атты перзент әкелді, бірақ көп жасамай 1953 жылы наурыз айында соқырішек ауруынан қайтыс болды. Әкем Әмірғали Жақияұлын 1942 жылдың мамыр айында совет армиясының қатарына шақыртып әкетті, сонда алдыңғы атқыштар қатарында соғысып жүріп, екі рет жарақат алды, жазылғанымен қоймай, ақыры 1943 жылы тамыз айында снарядтың жарылуынан жараланып соғыс даласындағы дала госпиталында қаза тапты.
Осы жылдардан бастап колхоздың ауылшаруашылық дала жұмыстарына араласып, елде қалған егде адамдармен, әйелдермен бірге қысы-жазы ерте тұрып кеш жатып, таңның атуынан күннің батуына дейін жұмыс істеп колхоз бригадаларының дала қостарында жатып, ішетін ас бірде бар, бірде жоқ болса да, жасымыз жұмыс істеуге, кәмелетке толмасам да осының бәріне көніп, шыдап еңбек еттім. Көктемгі егіс кезінде төрт атқа тіркеген екі тілді соқамен жер жырттық. Егін егеміз, күндік норма 2,5 гектар болатын, осыны орындау үшін ұзындығы екі шақырым егіс даласын он айналу керек, яғни күн сайын 40 шақырым жерді жаяу жүріп айналып жыртып жүрдік.
Шөп шабу, малға азық дайындау кезінде шөп жинайтын тырнауышқа ат жегіп шабылған шөптерді десбеге жинайтынбыз. Егін орағы кезінде егін шабуға арналған «Лобагрейка» деген үш атқа тіркеп сүйрейтін машинаның аттарын айдап егін ордық.
Қыста мал азығын қорадағы малдарға тасып әкеліп беру үшін әрбіріне екі өгізден жегілген екі шанаға қардың астынан қазып алып, шөп артып мал қораларына жеткіземіз. Қыстың қысқа күнінде өгіздің жүрісімен шөпті қазып алып шанаға тиеумен жүріп түнге дейін жүреміз. Қиын да болса осы жұмыстарды біз атқардық. Өйткені басқа мүмкіндік жоқ, жұмыс істейтін адамдар жоқ, бәрі соғыста соны көріп біле тұра осының бәріне көнесің, шыдайсың, орындайсың, басқадай лаж жоқ. Өйткені жауды жеңу үшін елді, жұртты, әскерлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету керек. Сол үшін жас та, кәрі де, әйелдер де жабылып жұмыла жұмыс істедік. Сол аянбай істеген адал еңбегіміздің арқасында жанып жатқан отқа қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да септігіміз тиіп, аждаһадай аузын ашып басып көктеп әлемді жаулап алып билігін жүргізбек болған неміс фашист басқыншыларының «Барбарос» планының күлін көкке ұшырып, өз ұясында талқандадық. Соғыстан кейінгі соғыстан бүлінген ауыл шаруашылығын қалпына келтіру науқанына да белсене кірісіп, білекті сыбанып еңбек етуге кірістім. 1946 жылдың көктем егісі науқанының кезінде алғаш рет тракторшы болып НАТИ тракторына отырып егіс даласында еңбек еттім. НАТИ тракторы шынжыр табанды, Лигрогин отынымен жұмыс істеуге арналған төрт цилиндрлі карбюраторлы қозғалтқышы бар трактор еді. Ол кезде Лигроин отыны жоқ болғандықтан, керосинмен жұмыс істеуге бейімдеп мәжбүрледік. Төрт цилиндрлі қозғалтқышты бұрап айналдырып оталдыруға көп күш керек болушы еді. Соның бәріне айла-амал мүмкіндік тауып жұмыс істетіп, егіс даласында күні-түні еңбектеніп, соғыстан болған зардапты қалпына келтіру жолында да механизацияда жұмыс істеуге алған арнаулы мамандығым білімім болмаса да, талпынып адал еңбек етуімнің арқасында еңбекте үздік табыстарға қол жеткіздім. Сол жылдың күзінде жақсы талапты маман механизатор деп сол кездегі МТС директоры болған Халиев Көкіштің бұйрығы бойынша Шарбақтыда орналасқан Павлодар облысындағы ауыл шаруашылығын механизацияландыру мектебінің трактор бригадасының бригадирлерін дайындау бөліміне оқуға жіберді. Сол оқу орнын 1949 жылдың 20-сыншы шілде айында аяқтап шықтым.
1948 жылдың қараша айында мені Коминтерін МТС-ы атынан Шарбақтыда орналасқан Павлодар ауыл шаруашылық мамандарын дайындайтын техникумға трактор бригадасының бригадирлерін дайындайтын бір жылдық оқуға жіберді. Сол оқу орнын 1949 жылдың шілде айында ойдағыдай аяқтап келіп МТСта механик-контролер жұмысқа орналасып, сол жұмысты өз дәрежесінде орындап жүрдім. Ол кезде колхоздарда МТСта механизатор мамандығы бар тракторда жұмыс істейтін мамандар жоқтың қасы. Механизаторлар дайындайтын оқу орындары жақын жерде жоқ. Ертісте бар, онда барып оқуға қаражаттары жоқ және бастауыш мектепті қазақ тілінде оқыған ауыл балалары орыс тілінде сабақ оқытатын мектептерге оқу оқуға бармады. Осындай жағдайлардың салдарынан МТС директорының приказымен колхоздардан 18-20 жастағы жас жігіттерді жинап тракторшы мамандарды дайындайтын 3 айлық қысқа курс ұйымдастырып, сол курсты басқарып 1950-53 жылдары жыл сайын 30-35 қазақ жастарын тракторшы мамандығына оқып үйретіп шығардым. Олардың көбі маман механизатор, үздік еңбеккер адамдар болып, колхоз-совхоз шаруашылықтарының дала жұмыстарында аянбай еңбек ететін маман тракторшылар болып, соғыстың салдарынан болған ауыртпашылықтарды қалпына келтіру жөнінде өз үлестерін қосты.
1956 жылы сәуір айынан бастап МТС директор бұйрығымен тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатында колхоздарда ұйымдастырылған трактор егіс бригадасының бригадирлері болып Шілікті колхозындағы №4 бригадаға бригадир болып тағайындалдым. Бұл бригаданың бір ерекшелігі мұнда тың игеруге Ресейдің орталық қалалары мен орталық облыстарынан жолдамамен келген тың игерушілермен бірге жергілікті курста дайындалған бірыңғай ауыл жастары жұмыс істейтін болды. Өйткені тың игеруге жолдамамен келген бригадирлер ауыл жастарын өз қатарына жұмыс істеуге араластырмады. Олардың механизацияда жұмыс істейтін мамандықтары жоқ, еңбек етуге қабілеттері жоқ деп, оларды сол жергілікті қысқа мерзімді курстарда өзім оқытып дайындаған жастардан жасақталған бригада болып тың және тыңайған жерлерді игеруде де талаптарға сай еңбектегі үздік табыстарға жетіп, бригадамыз МТС көлемінде алдыңғы көрсеткіштерге қол жеткізді. Сол кезде 1954-46 жылдары дәнді дақылдардың әр гектарынан 16-18 ц. өнім жиналды. Жүгерінің әр гектарынан 400-450 ц көк балауса жиналды. Жүгеріні егіп өсіруге Н. С. Хрущевтың ерекше мән беруінің салдарынан және жоғарғы өнім алуға қол жеткізу үшін жүгеріні арнаулы жабдықталған сеялкалармен шаршы ұялап отырғызу әдісі қолданылды. Сол жұмыстарды бақылап қадағалау үшін әрбір жүгері егетін бригадаларға обкомнан, райкомнан партияның басқарушы аппаратының нұсқаушылары жіберіліп, жүгеріні шаршы ұялап себу агрегаттарымен бірге егіс даласының басында болатын еді. 1958 жылдың көктемінде мен бригадир болып істейтін №4 бригадаға Павлодар обкомының аппаратынан Нуркин Қабиден келіп біздермен бірге егіс даласында тұқымды шаршы ұялап түсіретін егіс алаңының бір шетінен екінші шетіне тартылған түйіншекті сымның бойымен сеялка жүргізіп, 200 гектар жерге жүгері егіп, күзде әр гектарынан 400-450 ц өнім алдық.
Үздік табыстарға жетіп алдыңғы қатарлы механизаторлардың қатарына ілесіп, еңбекте жоғары табыстарға қол жеткізген егіс дала бригадасының бригадирі болғандықтан, Павлодар облыстық партия комитетінің Пленум мүшелігіне екі рет сайландым. Сол кезде Целинный өлкелік конференциясына да қатынастым. 1962 жылы Коминтерін атындағы совхозының МТМ меңгерушісі болып тағайындалдым, бұл жылдарда тың жерлерді игерудің қызу науқаны болып қолға алынап жатқан кезі еді. Совхозда дала жұмыстарына пайдалануға берілген ауылшаруашылық техникаларының саны өте көп, оларды жылма-жыл жөндеп қалпына келтіру үшін жөндеу шеберханасының алар орны ерекше. 1962 жылдан бастап МТМды тракторларды торапты жылжымалы жөндеу әдісімен жүргізу әдісін бірінші болып қолданып, жақсы көрсеткішке қол жеткіздік.
1964 жылдың қараша айынан совхоз директорының бұйрығымен совхоздың бас инженері болып тағайындалдым. 1974 жылдың желтоқсан айына дейін сол Коминтерін совхозының бас инженері болып істедім.
1975 жылдың қаңтар айынан 1987 жылдың қараша айында зейнеткерлік жасқа жетіп, кезекті демалысқа шыққанша осы ауылда орналасқан Ново-Алексеевка астық қабылдау мекемесінде әуелі 1975 ж. Директордығ орынбасары, кейіннен 1980-87 жылға дейін бас инженер болып еңбек еттім.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отыра алмай, совхоз орталығынан салынған жаңа мектептің шаруашылығын басқарып, барлық сыныптарының тиісті жабдықтарымен құрастырып жинастырып, сыныптарға орналастырып кем-кетіктерін түгендеп, тиісті дәрежесіне дейін қалпына келтіріп, жаңа мектепті жаңа оқу жылына ашылу салтанатына дайындап, мектептің сол кездегі директоры Әнуарбек Ахметшаиховқа кілтті ашып тапсырдық. Содан бастап әр сабаққа арналған арнаулы сыныптарды тиісті оқу жабдықтарымен қамтамасыз етілген жаңа мектептің қабырғасынан талай жас түлектер білім, тәлім-тәрбие алып қанат қағып ұшып жатыр.
1954 жылдан 1989 жылға дейін коммунист партиясының қатарында болып, партия ыдырап, бастауыш партия орындары иесіз қалған кезде қалтадағы партия билетті жайына қалдырып, мұсылмандық имандылық жолына бет бұрдым. Бірақ діни сауатым жоқ еді. Біздің Жолболды ауылында да арабша оқыған құран кәрімнің араб әріптерімен жазылғанын танитын адамдар жоқ. Оқып үйренгісі келетін адамдарға ондай мүмкіндік жоқ еді. Ақтоғайдағы Жандарбек қожа атындағы мешіттің имамы Ахметолла қажының басқарып, ұйымдастыруымен сол олқылықтың орны толып, Жолболды ауылында алғашқы арабша сауат ашу оқуы ұйымдастырылды. Ұстаздық етуші ауылымыздағы ақсақалдар алқасының төрағасы Мәнәп Кәженұлының немересі Нұрмүбәрәк университетінің шәкірті Әбілқайыр жазғы демалыс уақытында екі ай осы араб әліппесін оқып үйренемін ниет білдірген адамдарды оқытып үйретті. Оқимыз деп ниет білдіруші көрші Аграномия, Бегенбай, Қарасу, Балтасап ауылдарының адамдары да келіп қатынасып оқып жүрді. Мәнәптің әкесі Кәжен (Қажмағамбет) деген адам үлкен ғалым молда болған кісі екен. Советтік кездің өзінде де қанша қиындықтарға қауіп-қатерлерге төзе отырып, мұсылмандық жолынан ауытқымай, парыздарын шын ниетімен орындай отырып, сол жолды халыққа уағыздап өткен адам екен. Ата жолын қуған Мәнәп өзі де сол жолға дін жолына бет бұрып, мұсылмандық парыздарын орындауға кірісті. Сол дін жолына бет бұрғандығының айғағы әлгі араб әліппесінің алғашқы сабақтарын жиналған адамдарға сабақ өткізуге өз үйінің бір бөлмесін берді. Мен де сол ұйымдастырылған оқуға қатынасып, діни сауатымның көзін ашып дін кітаптардың кирил әрпімен жазылған нұсқаларын оқып, құран сүрелері мен аяттарын жаттап, намаз сабақтарын үйреніп басқа да деректерден діни сана-сезімімді толықтырып, ораза ұстап, бес уақыт намаз ұстауға ниет етіп және дін жолына бет бұрып, мұсылмандық парыздарын орындауға талпынушы адамдарға мүмкіндігімше білгенімді үйретіп жүрмін. Осы орайда айта кететін көпшілік пікірі жастарды имандылыққа тәрбиелеу қылмыстық істерге тосқауыл болар еді.
Біздің қазақ халқы 250 жылдан аса Ресей патшалығының бодандығында болып, одан кейін 70-80 жыл коммунист партиясының дінді халыққа құбыжық етіп көрсететін атеистік тәрбиесінің салдарынан өз дініміз ислам дінінен қол үзіп, діни тәрбиеден шеттеп қалдық. 22-23 жыл тәуелсіз ел болдық деп қуанғанымызбен, әлі де болса ұлттық тәлім-тәрбиенің жоқтығынан, діни тәрбиенің болмауынан елімізде қазақ топырағында бұрын кездеспеген жат қылықтар, өрескел қылмыстар орын алуда. Жастарымыздың өзге дінге басқа ағымға өтуі, қыз зорлап, адам өлтіруі, ұрлық-қарақшылық жасауы, нашақорлыққа, ішімдікке салынуы қыздарымыздың қазақ қыздарына тән инабаттылықтан, ізеттіліктен алшақтап, ар-намысын саудаға салуы, басқа да күннен-күнге көбейіп бара жатқан қылмыс түрлеріне бет бұруы дінсіздіктен туындап отырған жағдай деп білемін. Сондықтан сөзімнің соңында айтарым, жастарымызды жақсылыққа жетелейтін, барлық қылмысқа қалқан болатын имандылыққа, инабаттылыққа, әдептілікке, жан-тазалығына тәрбиелейтін тек қана ислам діні екенін айта келіп, жоғары сыныптарды оқитын қазақ балаларына мектептің оқу кестесіне енгізіп ислам дінің шариғатымен таныстырып, діни сауаттарының көзін ашып, имандылыққа тәрбиелеу жұмысын қолға алатынын уақыт талап етуде екенін ескеруіміз керек-ақ.
Біз асарымызды асап, жасарымызды жасадық, ендігі еліміздің болашағы жастардың еншісінде. Мен сонау совет үкіметінің ауыл шаруашылығын коллективтендіру дәуірінен бастап, ел басынан өткен тар жол тайғақ кешулерінің бел ортасында өз шама шарқымша еңбек етіп, қазір соғыс ардагерлеріне теңестірілген еңбек ардагері болып, тоқсаннан асқан шағымда қазақ елінің күннен-күнге алға басып, өсіп-өніп, өркендеген елдердің алдына шыға беруінің тілегін тілеп отырған қарттардың бірімін. Осы күнге жетемін деп кім ойлаған, міне, Астананың да 20 жылдығы тойланғалы жатыр, аспанымызды бұлт торламасын, ешқашан соғыс болмасын, ұрпағымыз осы гүлденген елімізде өсе берсін!
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз