KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

А. Рахымжанқызы: Еліміздің жүрегі – Астанаға 20 жыл!

Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына қарсы елордамыздың үлгілі отбасыларының бірі, ұлы ақын С.Сейфуллиннің нағашы қарындасы, Заң университетінің ардақты, ардагер ұстазы Асылгүл Рахымжанқызының отбасы жайлы ойларымен бөлісіп қайттық.
Мәдениет
2018-06-20

Тәуелсіздігіміздің тал бесігі болған Елордамыз Астана төрінде, Мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы, педагог Сәкен Сейфуллиннің музейі тұр. Халқымыз «жақсының аты өлмейді» демей ме? Расында, жақсының атын да, хатын да өлтірмейтін оның артында қалған асыл мол мұрасы және ұрпақтары біз болармыз. Бар қысқа жарқын ғұмырын ұлтына арнаған, өлеңнен өрнек өрген, қазақтың біртуар асыл перзенті Сәкен Сейфуллиннің музей үйі, Елордамыз Астананың көркіне көрік қосып тұрғандай, биыл оның ашылғанына 30 жыл! Астананың Ақмола кезіндегі тарихына көз жүгіртсек...

Сәкен музейі, 19 ғасырдың екінші жартысында салынған сәулет өнерінің жауhары. Сол кезеңдегі көпес Казанцевтің әкімшілік үйі және Сәкеннің досы, дәрігер Благовещенскийдің үйі болған екен. Сәкен Сейфуллин 1908 жылы, алғаш рет Ақмолаға келіп, 2 кластық приход мектебінде оқиды. Кейін 3 жылдық училищеде оқуын жалғастырып оқып жүріп, Ақмолада мұсылман медресесінде қазақ және татар балаларына орыс тілінде сабақ береді.

Сұңқар Сәкен, 1922-24 жылдары жас Қазақ автономиялық Республикасының тұңғыш өкімет басшысы Совнарком төрағасы болып тұрып, қыруар жоба, жоспарлар құрып, Ақмоланы қазақтың үлгілі қаласы, қазақ даласының орталығы жасамақ болады. Алдыңғы қатарлы, жалындаған жастардың болашағын ойлайды. Міне, сол Сәкен ағамыздың қазақ ұлтының басқа елмен терезесі тең болғанын:
«Азамат жүнжіме жүрме бос,
Қол ұстас, бірігіп тізе қос.
Ту ұстап дұшпанға барайық,
Теңдіктің ұранын салайық! - деп көксеген арманына, егемендікке біз жетіп отырмыз.


1995 жылы 17 тамызда Елбасымыз музейге арнайы ат басын бұрып, С. Сейфуллиннің «Көкшетау» кітабына: «Асыл бабамыз Сәкен Сейфуллиннің аруағы тәуелсіз елімізді желеп-жебеп жүрсін» деп қолтаңбасын қалдырған. Әңгімемді Сәкен Сейфуллиннен бастау алғанымның да өзіндік бір себебі бар, ол кісі менің нағашы ағам болып келеді, осы музейдегі нәресте Сәкенді құшағына қысқан анасының бейнесін менің суретіме қарап сомдаған болатын. Кешегі болып өткен Астанамыздың 20 жылдық мерейтойына арналған музейде үлкен шара болып өтті. Ол шараға да отбасымыз болып қатысып, атсалыстық. «ЖҰЛДЫЗДЫ ГИД» жобасына қатысып, музейде экскурция жүргіздім.

Наурыз-2018 мерекесінде де Қазақстанның атынан, Астанамыздың атынан Еуропаның төрі Бельгияның Антверпен қаласына барып, шетелдік қазақ бауырларымыз, қандастарымызды, шетелдіктер асырап алған қаракөз қазақ балаларын құшақтап, бетінен сүйіп, апарған кәдесыйларымды сыйлап қайттым. Еуропаның талай қалаларын аралап, өнер көрсетіп, салт-дәстүрімізді насихаттап, ұлттық дәмдерімізді паш етіп, Еуропа елдерінің сахнасында қазақ әндерін қалықтатып келген жайымыз бар. Менің отбасымды Арқа төсінің ажары мен айбынына айналған Бас қаламыз Астананың алғашқы қарлығашы десек болады. Себебі, Астанамыздың осы 20 жыл ішіндегі тағдыры, тынысы мен тіршілігі, менің отбасымның тағдыры, арқалаған асқақ рухымыз, арман тілегіміздің нәтижесі.


Елордамыз достық пен татулық ордасы болса, біздің сүттей ұйыған отбасымыз - кішігірім мемлекетіміз де, ынтымақ пен татулық ордасы болып, біте қайнасып, уақыт - таразы, тарих төреші болып отыр. Меніңше, Астана орталық ретінде еліміздің басқа өңірлерінің дамуына да сергек серпін беріп келеді. Біздің отбасымыз, Астанаға қарап бой түзейміз. Елордамыз жаңарып, әсем көркем бола түскен сайын, жан-жағымызға қарап, көрсек көзіміз тоймай, өзімізде құлпыра түскендейміз... 20 жылдың ішінде, әсіресе алғашқы жылдары, әр тұрғызылған ғимарат үшін балаша қуанып мәз болатынбыз. Бақытым, байлығым - отбасым осы жылдар ішінде сан және сапа жағынан өсіп-өніп, ұлдарымыз Ержан, Ердос ұяға, қызымыз Гүлжан қияға қонып, Астанада немерелеріміз Едіге, Іңкәр, Іңжу дүниеге келді. Өскелең ұрпақтарымыз немерелеріміз, тағылымды тәрбие алып, спорт, өнер саласына жаңа ғимарат Оқушылар сарайы баулуда. Кіші немерем Едіге Оқушылар сарайында «Тұмар» би ансамблінің солисі. Көптеген байқаулар жеңімпазы, оның ішінде Италияға барып, би
жарысынан ГРАН-ПРИ жеңіп келді. Италия демекші, осы шет мемлекеттерге қыдырып шыққан кезде, демалуға барғанда Астанамды сағынып, қайта оралғанша асығып тұрамын. Осы жылдар ішінде ашылған театр, музейлерге отбасымызбен бірге барып тұру әдетімізге айналған. Күрт құбылмалы климатты Арқа төсіндегі Астанамызда көгалдандыру, ағаш отырғызу Елбасы бастамасымен қарқынды жүргізілгеннің нәтижесінде, келешекте Елордамыз жайқалған жасыл орманға айналуы да ғажап емес!


Астана мерейтойы – менің отбасымның қуаныш тойы! Жайнай бер, жайқала бер, мерейің асқақтай берсін, біздің сүйікті Астана!

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз